Ақтөбе облысында ардагерлерге 2 млн теңгеден бөлінді

Ақтөбе облысында екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 2 млн теңгеден бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отан үшін от кешкен бұрынғы жауынгерлерге құрмет көрсету бұнымен шектелген жоқ. Түрлі ұйым өкілдері Жеңіс күні қарсаңында құттықтау тілектерін жеткізіп, сый-сияпат көрсетпек. Ал біржолғы төлем соғыс ардагерлеріне, теңістірілген тұлғаларға да берілетін болды.

Сатылған Бекмағамбетов биылғы қаңтарда 102 жасқа толған. Өзінің өткен шағы жадында сақтаулы. Бірақ ғасырдан асқан қария тек қызықты кезеңдерді еске түсіргенді ұнатады. Ал 1941 жылы 20 жасында соғысқа аттанып, Ржев түбіндегі шайқастың куәсі болғанын айта бермейді. Ол соғысты Кенигсберг қаласында аяқтаған. Бір рет жарақат алған. Ұлы жеңіс күні туса да, Сатылған атай туған жері Ойыл ауданына тек 1946 жылы оралған.

Құбайдолла Исмағұлов, баласы:

- Новый Москва деген жерде 2 ай дайындықтан өткен. Одан кейін Ржевта соғысқан. Деревня Зайцево деді, екіншісін өзі де ұмытып қалып тұр.

Ақсақал соғыстан кейін ауыл шаруашылығында еңбек етіп, осы салаға саналы ғұмырын арнаған. Әйгілі Қобыланды батыр жерленген жер – Жиренқопа ауылында брнеше қызметерді атқарып, құрметті зейнет жасына жеткен. Бүгінде жұбайы екеуі – тәрбиелеп өсірген 8 баладан немере-шөбере, шөпшек сүйіп отырған бақытта қария.

Биыл Жеңіс күнін облыста 3 соғыс ардагері қарсы алды. Оларға мерекеде ерекше құрмет көрсетілді. Одан бөлек тұрмысына және коммуналдық қызмет ақысын өтеу үшін көрсетілетін көмек те бар. Сонымен қатар 9 мамырға орай соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға да қолдау қарастырылған.

Шынар Құрманбаева, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген 1759 азаматқа 100 мың теңгеден біржолғы көмек берілді. Оның ішінде Ауған соғысына жіберілген әскери міндеттілер, Тәжікстан-Ауған учаскесінде әскери қызметшілер, Ирактағы, Таулы Қарабақтағы қақтығысты реттеуге жіберілген әскери міндеттілер, Чернобыль атом электр стансасындағы апаттық зардаптарды жоюға қатысушылар.

Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге сый-сияпат көрсету жалғаса береді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.