Қосшы қаласында жол жөнделіп жатыр

Биыл Ақмола облысындағы Қосшы қаласында 35 шақырымдай жолды жөндеп, салу жоспарланған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үшін 3,6 млрд теңге қарастырылды. Қазір қаладағы көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 185 шақырымға тең. Оның жартысынан көбіне асфальт бетон төселді. 32 шақырым жолға қиыршық тас төгілген.

Қосшының ауылдан қалаға айналғанына көп болған жоқ. Бас-аяғы 2 жыл ішінде біраз жұмыс атқарылды. Көпшілікті алаңдатқан жол мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр. Былтыр 56 шақырымы жөнделіп, салынды.

Самат Медет, учаске бастығы:

-  Биылғы таңда Ақжайық көшесі бірінші кезекте. Сосын Тайманова көшесі. Мынау 1 км 300 м, Тайманова 750 м. Ең алдымен осы 2 көшені салу керек бізге биылға. Бізде ГПР бойынша маусымда асфальт салу керек. Қалғаны қаржыландыруға байланысты.

Биыл да жол салуға 3, 5 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Яғни 35 шақырым аумақ ретке келтіріледі.

Әлкен Тойынбеков, Қосшы қаласы әкімдігінің жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Тұрған көшеміз Абай көшесі. Жоба 2019, 2020, 2021 – 3 жылдан бері келе жатыр. Тағаны салынып қойды. Халыққа жағдай жасап, жаяу жүргіншілер өткелі, соларды салу ғана қалды. Жоба әлі біткен жоқ толығымен. Бірақ бүгін, көріп отырсыздар, халыққа ыңғайлы жағдай жасалып, өтетін тротуарларымыз тұр, жарығы тұр көшенің.

Мамандардың айтуынша, соңғы 10 жылда Қосшының аумағы 10 есе ұлғайған. Мәртебесі өзгергелі халық саны да көбейді. Демек жол сапасын көтеру – кейінге қалдыруға болмайтын міндет. Биыл жергілікті билік қалаішілік жолдарды салу жобасының үшінші кезегін бастайды. 16 шақырым аумаққа 14 млрд теңге бөлінеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ербол Дайыров.