Қызылорда облысында жұмыспен қамту акциясы ұйымдастырылды

Ал Қызылорда облысында жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған «Мүмкіндіктер керуені» акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жастар ресурстық орталығы мен «JASTAR дамыту орталығы» өткізген шарада кәсіпкерлікті өркендету бойынша мол мағлұмат берілді. Мамандар университет пен колледж түлектерін мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктер мен қолдауларды кеңінен пайдалануға шақырды. 

Мүмкіндіктер алаңында 700-ге жуық жас буын өкілі тұрғын үй, құқықтық қызмет, жер мәселесі, алимент өндіру, кәсіпкерлік бағыттары бойынша мамандардан кеңес алды. Жәрмеңкеде жергілікті 22 мекеме, 250-дей бос вакансия, ал өзге облыстардан 2000-ға жуық жұмыс орны ұсынылды.

Абылай Самұратов, қалалық Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- Өзге қалалардан мұнай саласы және «Қазатомпром» үлкен мекеме бар. Соған қарасты 3 мекемеден 600-жуық жұмыс орны ұсынылып жатыр. Қоныс аударамын деуге ниетті азаматтарға толықтай мәлімет бердік.

Мүмкіндіктер алаңында жастарға «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5% несие берудің тәсілін түсіндіруге айырықша мән берілді. Университет пен колледж түлектері қайтарымсыз грант алып, бизнес жоспар құрып, кәсіп бастаудың шарттарына қанықты.

Шыңғыс Талғатұлы, Жастар ресурстық орталығының аға кеңесшісі:

- Алдағы уақытта барлық аудан-аймақтарда, шалғай елді мекендерде міндетті түрде осы керуен жалғасатын болады. Барлық жастарға жастар ресурстық орталығы мүмкіндіктерді жасап жатыр.

Жастар категориясы биыл 29 жастан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Аймақ тұрғындарының 30%-ін құрайтын 250 мыңға жуық кейінгі толқын өкілінің басым бөлігі білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік-құқықтық, экономикалық-саяси қызметтерде жемісті еңбек етіп жүр. Ендігі міндет –жастарды кәсіпкерлікке бет бұрғызу.   

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев.