Алматыда Ulttyq Ónim көрмесі өтіп жатыр

Алматы – бизнес пен капиталдың орталығы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде шағын және орта бизнес қала экономикасының 57,5%-ін құрап отыр. Бұл туралы өткен Ulttyq Ónim көрмесінің ашылу салтанатында қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді. Шара барысында бизнесті дамытуға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Ulttyq Ónim көрмесі Алматыда алғаш рет өтіп отыр. Көрмеге қатысқан 300-ден астам отандық өндірушінің 30-ы – алматылық компания. Қала әкімі Ерболат Досаев жыл басынан бері мегаполисте іскерлік белсенділік артқанын атап өтті. Бірінші тоқсанда Алматы іскерлік белсенділік бойынша Қазақстан өңірлері арасында бірінші орынға шықты.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

- Алматыдағы шағын және орта бизнесті дамыту – қала әкімдігінің тұрақты назарында. Биыл мемлекеттік, қалалық бағдарламалар аясында экономиканың басым бағыттары мен салаларындағы 3 мыңнан астам жобаны қолдауға 44 млрд теңге бөлінді.

Кәсіпкерліктің дамуы тұтынушының таңдауына да байланысты. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев отандық өндірушіден аяқ киім сатып алды. Ел өңірлерінен келген 320-дан астам өндіруші Ulttyq Ónim алаңында тауарларын сатып, жаңа серіктестер табуға мүмкіндік алды.

Мәлік Сәрсембаев, кәсіпкер:

- Біз балалардың ойын алаңына арналған резеңке төсемелер шығарамыз. Өнімдеріміз еліміздің барлық аймақтарында қолданыста. Сонымен қатар Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан елдеріне экспортқа шығарамыз. «Даму» қорының қолдауы арқасында жаңа өндіріс орнын ашуға мүмкіндік алдық.

Шағын және орта бизнесті қолдау аясында биыл «Даму» Қоры арқылы 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау және 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру жоспарланған.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев.