Шымкентте басқарма басшысы пара алды деген күдікке ілінді

Шымкентте Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өкілдері жемқорлыққа жол берді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқарма басшысы қол астындағы бөлім жетекшілерінен 200 мыңнан 800 мың теңгеге дейін пара алған. Қазір қызметтік өкілеттігін пайдаланып, қамқорлық танытпақ болған басшыға қатысты айғақтар тексеріліп жатыр. Ал оның орынбасары мен бөлім жетекшілері өзара сөз байласып, жер телімін мемлекет мұқтаждығына өткізген азаматтардан 5 млн теңгеге дейін иемденіп отырған. Яғни, мемлекеттік өтемақының 10%-ін талап етіп, шарт қойған.

Сот санкциямен 5 күдіктіге қатысты бұлтартпау шаралары қабылданды. Олар уақытша абақтыға және үй қамаққа алынды.

Дәурен Ерғарин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігнің департамент басшысы:

- Қазіргі уақытта түскен жедел ақпараттардың бәрі дәлелін тауып, қылмыстық іс тіркеліп, 5 лауазымды тұлға қылмыстық іс бойынша өтіп жатыр. Олардың негізгі қылмыстық схемасы жеке тұлғалардан тәркілеген жерінің төленетін қаражатынан 10% өздеріне ұстап отырған.