Атырауда әскери техника көрмесі өтті

Қорғанысы мықтыны жау алмайды. Атырауда өткен әскери техникалар көрмесінде жұртшылық қазіргі қолданыстағы техникалардың түрімен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отан қорғаушылар күніне арналған іс-шараның мақсаты – жас ұрпақты ел қорғау ісіне тәрбиелеу, сондай-ақ сала ардагерлерінің еткен еңбегін елеп, қазір сапта жүрген сарбаздарды марапаттау.

Қорғаныс саласында әскери техникалардың әлеуеті аса маңызды. Батыс өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған көрмеге отандық әскери техникалар қойылды. Көрермен назарына ұсынылған техниканың бірі – «Арлан». Оқ өтпейтін көліктің салмағы 16 тонна болады. Сағатына 100 шақырым жүретін техниканың ішіне 8 адамға дейін сыяды. Көрмеге әкелінген басқа да құралдар тұрғындарға толық таныстырылды.

Біржан Әзмұқамбетов, Батыс өңірлік қолбасшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы:

- Батыс өңірлік әскери қолбасшылығының жауапты аумағына Атырау облысы, БҚО, Ақтөбе облысы кіреді. Батыс өңірлік қолбасшылығының қару-жарағында бүгінде жаңа техникамен толық қамтамасыз етілген. Жеке құрам кез келген тапсырманы орындауға дайын. Әскер дегеніміз, Міржақып Дулатов бабамыз айтқандай, маңдай терді аямай төгетін жер болып саналады.

Отан қорғаушылар күніне орай өткен іс-шара салтанатты жиынға жалғасты. Еліміздің батыс қақпасында күзетте тұрған барша әскери қызметкерге түрлі марапат берілді. Сала ардагерлерінің еңбегі де еленді.

Рашид Наурызбеков, ардагер:

- Еліміздің қорғаныс саласында 30 жыл еткен еңбегімді елеусіз қалдырмағанына қуаныштымын. Қазір әскери әлеуетіміз артты. Отандық техникалардың қолданысқа енуі де – бүгінгі жақсы жаңалық. Барша әріптесті мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ел іргесі берік болсын!

Бүгінде еліміздің батыс қақпасын қорғауда Батыс өңірлік қолбасшылығының әлеуеті жоғары. Барлық бөлімше әскери техникамен толық жабдықталған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.