Қызылорда облысында жол салу маманы жетіспейді

Елімізде автожол құрылысы саласына 10 мыңға жуық маман жетіспейді.

Мұндай мәселе, Қызылорда облысында да туындап отыр. Өңірде республикалық маңыздағы ірі жобалар жүзеге асып жатқан кезде, түйткілдің түйіні қалай тарқатылмақ? 

Әділет Айтмағамбет өткен жылы ғана жоғарғы оқу орнын аяқтап, диплом алған. Мамандығына сай бірнеше ай бұрын автожол құрылысына қажетті материалдардың сапасын анықтайтын зартханаға қызметке орналасты. Оның жол құрылысы саласына келуіне мектеп қабырғасында өткен түрлі танымдық шаралар түрткі болыпты. 

Әділет Айтмағамбет, зертханашы:

- Кездесу кездерінде жол саласында мамандардың сұранысы өте жоғары екенін айтты. Және көп ойланбай осы мамандықты таңдадым. Өкінбеймін. Табысым өте жақсы. 

Бүгінде елеміз бойынша Әділет секілді мамандарға сұраныс жоғары. Мәселен, Қызылорда облысында салынып жатқан республикалық маңыздағы Қызылорда-Жезқазған жолының құрылысына 20-ға жуық маман жетіспейді. 

Ерсайын Мұзаффар, «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Мысалы жол шеберлерінен әр учаскеге 1-2 маманнан, геотезистен де 2-3 маманнан, лаборанттар қажет, тәжірибелі лаборанттар керек. Олардан да екі ваканция осы қазір қажеттілік туындап тұр.

Маман тапшылығы салдарынан зейнетке шыққан құрылыс инженерлерінің тәжіребиесіне жүгінуге мәжбүр болып отқан компаниялар да аз емес. Тіпті, оларды шетелден алдыртатындар да бар. Бұл әрине, ел көлемінде жол құрылысының қарқынды жүріп жатқанының білгісі. Дегенмен, осы олқылықтың орнын толтыру үшін кәсіби жолшылар мектептерді аралап оқушыларға бағдар беруде. Сондай-ақ жоғарғы оқу орны мен колледж студенттерін жол зертханасына шақырып, жастарға асфальттың құрамы мен оның қалай төселетінін көрсетті. Мұндағы мақсат мектеп бітіруші түлектерді жол саласының маманы болуға шақыру.

Ерболат Көштаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ҚОФ директоры:

- Осы жұмыстардың нәтижесінде қазір әрине студент көлемі көбейіп жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, біздің облысымызда агротехникалық колледжде жол салу және жөндеу кафедрасы ашылды. Сол мамандық бойынша қазір 25 студент оқып жатыр. 

Ғалымжан Қаршыға, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ кафедра меңгерушісі:

- Өндірістік практикаларымызды өткізуге келісім-шартқа отырдық және 10 биылғы бітіруші түлегімізді жұмысқа қабылдайтындарын сол жерде шешіп, оң шешімін берді.

Жол құрылысының қыр-сырымен жақынырақ танысқан оқушылар мен студенттердің де арманы биік. Болашақ жолшылар құрылыс сапасына басымдық береміз, дейді.  

Қуаныш Төребеков, студент:

- Неше түрлі қаланың жолдары 5 жылға шыдамай бұзылып қала береді. Біз одан да асамыз деген ниеттемін. Мысалы, 10-15 жылға жеткізетін етіп, теп-тегіс қылып саламыз ғой.

Автожол саласы компанияларының ұсынысына сәйкес келер оқу жылынан бастап Қызылорда университетінен «Жол құрылысын жобалау» мамандығын ашу жоспарланған. Осылайша өңірдегі маман тапшылығы мәселесін шешуге үлес қоспақ.  

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев