Павлодар облысында соғыс ардагерлеріне 2 млн теңгеден берілді

Павлодар облысында соғыс ардагерлеріне Жеңіс күні қарсаңында 2 млн теңге көлемінде ақшалай көмек берілді.

Облыста Отан үшін отқа түсіп, ел қорғаған 12 ардагер бар. Олардың бірі биыл 95-ке, екеуі 100 жасқа толады. Мейрам қарсаңында майдангер қариялардың құрметіне патриоттық шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар, өңірде сұрапыл соғыс жылдары тынымсыз еңбек еткен төрт мыңнан астам тыл ардагері бар. Олардың әрқайсысына 30 мың теңгеден бір реттік төлем қарастырылған. Мұндай әлеуметтік қолдауға Чернобыль апатын жоюға қатысқан азаматтар, ауған соғысының ардагерлері мен тәжік-ауған мемлекеттік шекараларында борышын өтеген тұрғындар да ие болды.

Альмира Дисюпова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Бір реттік ақы төленетін жалпы облыс бойынша алты мыңнан аса азаматтар төленеді. Енді ол төлемақылардың 30 мыңнан 2 млн-ға дейін көзделген, әрбір қала мен ауданның бюджеттерінде. Бүгінгі күнде төлемақылар толықтай төленіп жатыр. Осы айдың аяғына дейін барлық төлемдер осы жеке есепшоттарына түседі.