Өскемендік ардагерді Ұлттық ұлан сарбаздары құттықтап барды

Өскемендік Иван Гагарин бұл күндері екі бірдей мерекені атап өтеді.

Қария үшін келе жатқан Жеңіс күнінің мән-мазмұны кең болғанымен Отан қорғаушы күнінің де орыны бөлек. Өйткені ол соғыс жылдары тылда еңбек етсе, одан кейінгі өмірін ел тыныштығын күзетуге арнады. Қарт жауынгерді Ұлттық Ұлан сарбаздары мерекемен салтанатты түрде құттықтап құрмет көрсетіп қайтты.

Иван Гагарин 8 жасынан бейбіт аспан мен бір тілім нанның қадірін біліп өсті. Сұрапыл соғыс балалық шағымен тұспа тұс келді. Асыр сап доп қуып емес, егіс алқабында күрек ұстап тер төкті. Шептегі батырларды аспен қамтып жатқанын түсінді. Тек сол ғана оған күш-жігер берді.

Иван Гагарин, тыл ардагері:

- Бәріміз еңбек еттік,жас кәрі,үлкен кіші деген болмады.Олай босаңситын уақыт жоқ еді. Бір жағынан әскерге өнім жинасақ, екінші жағынан, өзіміз де сол алқаптан шыққан көкөністі талғажау еттік.

Бала кезден еңбекке әбден піскен жігіт кейін әскери қызметке кіріскенде сымдай тартылып шыға келді. Қай жаққа жіберсе де өз міндетін абыроймен атқарды.

Нелли Гагарина, ардагердің жұбайы:

- Біз жас болдық, қалың орманның ішіндегі кіп кішкентай ауылда тұрдық. Әрине оңай емес еді. Бірақ қызметтің аты қызмет. Еркелеп, таңдап отыратын жағдай жоқ.

Қос қария үшін мамыр айының маңызы зор. Жыл сайын құттықтап келген жастарға естеліктерін айтып, бір жасап қалады.

Мейіржан Исахов, 5518 әскери бөлімінің клуб бастығы:

- Осы батыр аталарымыздың, батыр бабаларымыздың істеген ерліктерін біз жас ұрпақ үлгі тұтуымыз керек. Және келешекте өз ұрпақтарға жеткізу керекпіз.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов