Екінші дүниежүзілік соғыс: БҚО-дағы бірнеше ауылға бомба тасталған

Екінші дүниежүзілік соғыста басқыншылардың табаны қазақ жеріне тимесе де, ұрыс өрті бірнеше ауылды шарпыды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар – Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек, Сайқын, Шоңғай ауылдары. Сталинград майданының жақын тылы болғандықтан, бұл ауылдар 1942 жылы неміс ұшақтарының шабуылынан зор зардап шекті. Шойынжол бойындағы елді мекендерге сол жылдың күзінде 538 бомба тасталған.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- 1942 жылы Сталинград майданына тылдан келер көмекті тоқтату үшін жау ұшақтары теміржол бойындағы ауылдарды аяусыз бомбылаумен болған. Бір ғана Жәнібек ауданында 43 нысанға бомба түскен. Госпитальдегі 93 жаралы сарбаз бен жүздеген бейбіт тұрғын қаза тапқан. Ол ғимараттардың көпшілігі сақталып қалған жоқ. Уақыт тезіне төтеп беріп тұрған мына су айдау мұнарасы ғана.

Құлап қалмасын деп мұнараны бертініректе темірмен құрсаулапты. Жоғарғы жағында жарықшақ салған жарақаттар тұр. Жалпы соғыс кезінен қалған жарылғыш заттар аудан аумағында жиі табылып жатады. Ол жәдігерлер аудандық мұражайға қойылған. Соңғы рет Тау ауылына таран жасаған кеңес ұшағының қалдықтары осыдан 6 жыл бұрын қазып алынған.

Меңдігүл Фазылова, аудандық мұражай меңгерушісі:

- Авиабомба, граната табылып, осы күні кешеге дейін залалсыздандырылып, саперлардың көмегімен музейге әкеліп, тапсырып отыр. Бұның бәрін тарихтан бір сабақ алайық, енді соғыс болмасын, бейбіт өмірдің маңыздылығын жас ұрпақтың санасында дәріптейді деген мақсатта түсіндіріп отырмыз. Қазір музей қорында 5 мыңдай түпнұсқа жәдігер бар.

Соғыстың ізі мұражайда ғана емес, тұрғындардың санасында да сақтаулы. 87 жастағы Төлеген ақсақал өз балалығын соғыс ұрлағанын айтады. Ол 7 жасынан бастап еңбекке араласыпты. 

Төлеген Жүсіпов, Ақоба ауылының тұрғыны:

- Мұхамбетқали қыстауында отырғанбыз. Ұшақ келіп құлады. Ішінде адам жоқ, қарап отырдық. Содан кешке қарай бардық ұшаққа. Барсақ, қып-қызыл бірдеңе үюлі жатыр. Үйге алып келдім ғой. Содан кіріп келді ішке Хамза деген басқарма. Ол снаряд болды жарылатын. Қайта аман қалдыңыз. Ол жарылса бүкіл үйді қопарып кетеді деп айтты. Құдыққа апарып салып жіберді.

Жау ұшақтары тек стансаларды емес, ішкері отырған ауылдарды да аңдыған. Сол уақытта түнде шам жақпауға, сиырды мөңіретпеуге, итті үргізбеуге бұйрық болған. 93 жастағы Ақлима әжей Орда ауданының Теректі ауылдық кеңесінде туып өскен.

Ақлима Баянтасова, тыл ардагері:

- Шиеттей бала қолымызға ағаштан тырнауыш жасап беріп, мен 12-де едім, құмның арасынан шөп жинатты. Тас бастырған тастың артына мінгізді. Қойға қарауыл жасатты, бір кемпірдің қасына қойып. Ол жаққа бомба барған жоқ. Бірақ айтып жүрді, мектеп, үлкен күтірлерге жарығын түсіріп, түнде ұшақ қарап тұрады, итті үргіздірмеңдер, сиырды мөңіретпеңдер деп. Итті жетектеп, сиырды жетектеп, кешке қарай тоғай арасына кетеміз. Далаға қонып, күндіз келеміз. Жарық жоқ қой, шам жаққызбайды. Торып жүр ұшақтар қалықтап ұшып.

Сұрапыл соғыстың қиындығын бастан кешкен Жәнібек жұртшылығы Жеңіс күнін ерекше қадірлейді. Биыл да мейрам қарсаңында ауданда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, тыл еңбеккерлері ардақталды, бейбітшіліктің қадірі дәріптелді.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмутов.