Қостанайда батыр бабалар ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Қостанайда Отан қорғаушы күнінде батыр бабалар ескерткішіне гүл қойылды.

Шараға аға буын өкілдері, студент жастар қатысып, елін, жерін қорғаған ерлердің рухына тағзым етті. Қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған тағылымы мен танымы мол шара туралы әріптесім  айтып береді.

Қостанайдағы еңселі ескерткіштердің бірі  Шақшақ Жәнібек батыр мүсіні. Қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы азаттық күресінің қаһарманы, мәмілегер бабамыздың өнегелі ерлік істерін бүгінгі ұрпаққа білу міндет.

Қалқаман Жақып, философия ғылымдарының докторы, профессор:

- Батыр және данышпан бабаларымыздың бірі Шақшақ Жәнібектің ескерткішінің жанына келіп, гүл шоқтарын қою біздердің, кейінгі ұрпақтардың бұл қарызы да парызы да деп түсінуіміз керек. Мұны келешекте дәстүрге айналдыру орынды болар еді. 

Мұндай тағылымды шара облыстың барлық аудан, қалаларында өткізілді. Қостанайда Шақшақ Жәнібек, Қобыланды, Аманкелді батыр,сондай-ақ бейбіт заманда ерлік көрсеткен әскерилер мен тәртіп сақшыларының ескерткіш басына гүл шоқтары қойылды. Қостанай өңірлік университетінің әскери кафедрасында 340 студент бар. Жыл сайын қосымша әскери мамандық алып шығуға деген жастардың  ұмтылысы артып келеді.

Сейітбек Қуанышбаев, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры:

- Кез келген студентті ол жерге ала бермейді. Өзінің бір алу талаптары бар. Біріншіден оның денсаулығына қарау керек, содан кейін барып, психологиялық денгейде тест өткізіледі.

Бүгінгі Отан қорғаушы күніне арналған шаралар ескерткіш басына гүл шоқтарын қоюмен шектелмейді.

Ринат Мұхаметқалиев, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:

-  Мұнымен қоса спорттық шараларда өтіп жатыр. Веложарыс, жүгіру, яғни осы Отан қорғаушы күні аясында жастарды патриоттық сезімді ояту және оны шыңдай түсуге бағытталған шаралар жүріп жатыр.

Бүгін сондай-ақ Аманкелді батыр ескерткішінің  басында жастардың батыр бабаларымыздың  есімін, ел тарихын қаншалықты білетіндігі сыналған сұрақ-жауап ойыны өтті.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг