Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында жол сапасы жақсарады

Ауылға жол қатынасы жақсарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында 5 бірдей елді мекенге апаратын көлік жолы жөнделіп жатыр. Жобаға 2 млрд теңгеден астам қаржы қаралған.

Бұл жолдың жөнделе бастауы Достық ауылының тұрғындары үшін зор қуаныш болды. Себебі өткен ғасырдың соңғы ондығында салынған көлік дәлізі бүгінге дейін ешқандай күтім көрмеген. Салдарынан ауылдықтардың аудан орталығы – Мәртөкке де баруы мұң бола бастапты. Ал Достықта мал өсіріп, өнім алып отырған шаруалар бар. Жөндеу жүргізіп жатқан мердігер компания 15 шақырымдық жолдың бүгінде басым бөлігін ретке келтірген.

Манарбек Бисенов, мердігер компания өкілі:

- Үстіндегі материалдардың бәрін қырып алып тастадық, жаңадан материал төсеп, сосын жаңадан асфальт саламыз. 27 адам бар қазір жұмыс істеп жатырған, 1 асфальтоукладчик өздеріңіз көріп тұрғандай, 2 каток, 2 погрузчик бар, 2 автогрейдер бар. Сосын жолда көктемгі су тасқыны өтетін құбырларды жөндеу жүріп жатыр.

Дәл осындай жөндеу жұмысы биыл Байторысай, Құрмансай, Қаратосай және Қызылжар ауылдарына апаратын жолдарды да қамтиды. Аталған бағыттарда да қазір анықталған компаниялар іске кіріскен. Нәтижесінде осы жылы аудандық маңыздағы 280 шақырымдық көлік дәлізінің 80 шақырымы жақсаратын болады.

Алмас Салықбаев, Мәртөк ауылының тұрғыны:

- Биыл біз 5 бағыттағы жолды аяқтап жатырмыз. Оны жалпы есептеген кезде – 79,9 шақырым. Оның жалпы құны 2 млрд 250 млн-ға шығып жатыр. Мердігерлеріміз барлығы қазір осы ауа райына байланысты жол құрылысына кірісті.

Жолдың жайы Мәртөктің өзінде де өзекті мәселенің қатарында. Осы жазда аудан орталығындағы 10 көшенің шұрық-тесігін жамау жүреді. Бұдан өзге, тағы тақтайдай тегіс 3 жол салу жоспарда тұр.

Әлібек Бақбергенов, Мәртөк ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Бұл – жолдар шамамен 10 жыл бұрынғы салынған жолдар. Осы соңғы 5-6 жылдықта жыл сайын осылай ағымдағы жөндеу жұмыстарын талап етеді. Ішінара жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады.

Бұл жұмыстар бақылауға алынған. Мердігер компаниялар өздері жасаған істің сапасына бірнеше жылды қамтитын кепілдік бермек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.