Қарағандыда қарт снайперді ізбасары мерекемен құттықтап барды

Қарағанды қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 9 ардагер қалды.

Соның бірі атқыштар дивизиясының мергені Мария Шинкевич.

18 жасында майданға мерген болып аттанып, кейін елге аман оралған екен. Қазыналы қартты бүгін жас әріптесі әрі ізбасары, әскери құрамдағы үздік сұр мергендердің бірі барып құттықтады. 

Толқын бүгін толқып тұр. Әдетте нысананы бетке алғанда сыр алдырмайтын ол, алдыңғы буынның місі басатынын жасырмайды.

1944 жылы атқыштар дивизиясында мерген болған Мария Шинкевич екінші дүниежүзілік соғыстың 2-дәрежелі орденімен марапатталған. Чехославакия елінде қақтығысқан ол жеңісті Прагада естіпті. Бүгінде 98-ге келіп отырған мейірімді әжейдің мылтығының нысанасында 20-дан астам дұшпан сарбазының өмірі қиылған. 

Мария Шинкевич, соғыс ардагері:

– Дұшпанның діттеген сәтін күтіп отырып, көзін құрту ең басты мақсат. Осы үшін окопта сан сағаттап отыруға болады. Біз қашанда алдыңғы шепте болып пулеметшылар мен дұшпанның  жауынгерлерін жойып отырдық. Бірақ ең бірінші кезекте мерген адам дұшпанның мергенінің көзін құрту керек. Бұл тарапта біздің снайперлер мықты болды. 

Біздің мергендер расымен мықты. Оның айқын дәлелі Толқын Бәкіжанованың өзі. Ол бірнеше елішілік және халықаралық әскери жарыстардың жеңімпазы. Жауынгерлер арасындағы бәсі жоғары «Бейбітшілік жауынгері» халықаралық ойындарында қарулы күштердің намысын қорғады. Осы байқауда бірнеше жыл қатарынан Қазақстан командасының бірінші орын алуына зор септігі тиген.

Толқын Бәкіжанова, 35835 әскери бөлімі штабының офицері:

- Мария Эфимовна апамызбен мінезіміз ұқсайтын сияқты.  Ол кісінің сабырлығы мен асықпай сөйлеуі мінезі де маған келетін сияқты. Соғыс ардагерін құттықтау мен үшін зор мәртебе. Ол кісіден біраз жаңа әдістер білдім.

Қарағанды облысында бүгінгі күні көзі тірі 13 ардагер ғана қалған. Олардың барлығына биыл бір реттік 1,5 миллион теңге сыйақы берілді. Облыстағы ең жас соғыс ардагері Осакаров ауданында тұрады. Оның жасы қазір 93-ті алқымдаған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар