Елорда мамандары: Краннан ағатын судан зиян жоқ

Краннан аққан суды зиянды деуге болмайды. Елорда халқын ауызсумен қамтып отырған «Астана су арнасы» мекемесінің мамандары осылай дейді. 

Алайда тұрғындардың пікірі бұған қарама-қайшы. Мамандардың тап-таза деген суы үйдегі краннан аққанда қалайша өзгеріп шыға келеді?

Ғалия Исаеваның Астанада тұрғанына 30 жылдан асыпты. Бұрын суды  колонкадан іше беретінбіз, - дейді. Дәмі де күмән тудырмайтын, алайда кейін бұзыла бастаған. Қазір ішпек түгілі, тамақ пісіруге де қолданбайды. Жағымсыз иіс шығады. Амал жоқ, зейнеткер ұзақ уақыт бойы бөтелкедегі суды сатып алып ішкен. Сосын үйде арнайы сүзгі орнатқан.

Ғалия Исаева, қала тұрғыны:

- Біз енді фильтрді өзіміздің денсаулығымыз үшін орнаттық. Өйткені краннан келіп ағатын су стандарттарына сәйкес емес. Сондықтан денсаулығымыз үшін фильтрді орнаттық. Бұрындары өзіміз жер үйде тұрдық. Үйлердің жанында, білесіздер, ол кезде колонкалар еді. Колонкадан фильтрсіз-ақ іше беретінбіз. Ол уақытта судың сапасы басқа болды. Енді қазір сол су бізге келіп жатыр ғой. Неге олай болғанын білмеймін. Бірақ факт біз қазір тек фильтр суын ішеміз.

Астананың біраз тұрғыны қазір ауызсуды сатып алып отыр. Қаланың дүкендерінде су тазалайтын арнайы аппарат қойылған. Әйтеуір бөтелкемен су тасыған жұрт. Бұл көрініске әлдеқашан көз үйренген. Алайда «Астана су арнасы» мекемесінің мамандары су сапасы нашар дегенмен келіспейді. Олардың айтуынша, су қоймасындағы тіршілік нәрі толық тазартылғаннан кейін сорғы арқылы қаланың су желісіне жіберіледі.

Жанна Досжанова, «Астана су арнасы» МКК инженері:

- Бізді СЭС тексереді, ТЖ, ҰҚК, өрт сөндіру қызметі барлығы бізді тексереді. Аптасына 2-3 рет СЭС келіп, біздің зертханамен бірге параллельді «сынақ» алады. Бірдеңесі дұрыс болмай жатса, бізге айтып, біз шара қолданып, сол бірдеңені ауыстырамыз, көбейтеміз, азайтамыз. Бізден шыққан суды мінсіз деп айта аламын.

Суға жауапты мамандардың сөзінше, станциядан таратылатын ауызсу  барлық санитарлық талапқа сай. Тазалығына күмән келтіруге болмайды. Судың сапасы үйге жеткенше бұзылған болуы мүмкін, - дейді. Біз де тәжірбие жасап көрмек болдық. Зертхана қызметкері краннан аққан суды көзімізше тексерді. Құрамынан зиянды заттар табылмады.

Забита Аушахметова, сынақ зертханасының басшысы:

- Қазір судың кермектігі 4,5 көрсетіп тұр. Ал сорғы сүзгі станциядан шығар кезде  3,7 болады, яғни сол 4 шамасында. Менің ойымша, су сапасының бұзылуына тұрғын үй кешенінің ішкі су құбырларының ластануы себеп болуы мүмкін. Сондықтан 0,5 айырмашылық көрсетіп тұр.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары да краннан ағатын судан зиян жоқ деп отыр. Бірақ судың сапасы үйдің ішкі құбыр желісінің тазалығына да тікелей байланысты. Санитар дәрігерлердің айтуынша, олар су арнасы мекемесін жиі тексереді, алайда айтарлықтай талап бұзушылықты анықтамаған, судан улану дерегі де тіркелмеген. 

Альсия Кашкенова, қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

- Астана қаласының Санитарлық-эпидимиологиялық бақылау департаментімен ай сайын қала халқына берілетін судың сапасына мониторинг жүргізіледі. Санитарлық ережелер талаптарына сай. Өндірістік бақылауды Астана су арнасы мекемесі де жүргізеді.

Сарапшылардың ойы бір жерден шықты. Көп жағдайда судағы кермек дәмге су құбыры желілерінің жағдайы себеп. Құбырлардың тозғаны рас. Өткен жылу маусымының өзінде желіде 20 рет апат болған. Егер үйдегі краннан лай су ақса, апаттық диспетчерлік қызметке хабарласып, зертхана қызметкерлерін шақыруға болады. Олар үйішілік желінің тазалығы мен судың сапасын тексереді. 

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Наурызбай Құрманғазы.