Қызылорда облысының құтқарушылары шомылу маусымына дайындықты бастады

Қауіпті учаскелерге ескерту белгілері орнатылып, техниканың сақадай сай болуы тексерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы ретте Арал ауданындағы туристік нысандардың бірі – Қамбаш көлінде жоспарлы жаттығу да өтті.

Әдетте суда шомылу маусым айында басталады. Бірақ мамыражай мамырда да «жабайы жағажайларда», яғни рұқсат етілмеген су жағалауларында демалушылар көбейетіні белгілі. Осыған орай Арал ауданындағы Қамбаш көлінде адамдарды судан құтқару әдістері пысықталды. Бұл аумақ – туристер жиі аялдайтын нысандардың бірі. Балалардың жазғы тынығу лагері де осы маңда орналасқан. Мұнда жуырда ғана жаңа құтқару станциясы іске қосылған болатын.

Елдос Жиенәлиев, «Қамыстыбас» құтқару бөлімшесінің басшысы:

- Аққұмшық жағажайына күнделікті 1000-1500 дейін адам демалуға келеді. Балаларды сауықтыру орталығына 5 ауысым бойы мыңға жуық адам демалады. Осылардың қауіпсіздігін сақтауда құтқарушылар қызмет жасайды.

Жаттығу барысында суға батып жатқан адамды құтқару жұмыстары пысықталды. Қайықтан құлап кеткен балықшыға құтқарушылар шұғыл көмекке жетті. Оны судан алып шыққанмен, ес-түссіз күйде жатыр. Сондықтан зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Бұл дағдылар төтенше жағдай кезінде қызметкерлердің ұтымды әрі тиімді шешім қабылдауына және тұрғындардың өмірін сақтауға көмектеседі, - дейді мамандар.

Техникалар мен құрал-жабдықтардың жағдайы тексерілді.

Бақыт Ембергенов, облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының басшысы:

- Жасақтың қарамағында қазіргі таңда 19 техника бар. 6 катер бар. 13 резина қайықтарымыз бар. Сонымен бірге облыстық қаржыдан бізге былтыр 2 қайық, биыл 2 қайық, барлығы 4 қайық сатып алып берді.

Сонымен қатар құтқарушылар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Тыйым салынған жерлерде суға шомылу қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін екенін үнемі ескертеді.

Айта кетейік, шомылу маусымы басталмай-ақ, облыстың су айдындарында 3 адам қаза болған. Ал бүгінгі оқу-жаттығу – осындай қайғылы жағдайларды барынша азайтудың бір жолы.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.