Жетісайда италиялық жеміс-жидек жерсіндірілді

Түркістан облысының Жетісай ауданында бағбандар италиялық алма мен жүзімінің бірнеше түрін отырғызып, жерсіндірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар жеміс-жидек көшетін шетелден алғызбас бұрын жергілікті топырақты жіберіп, климаттық ерекшелігін анықтап алған. Одан кейін компаниямен келісімшартқа отырып, ағаштарды күтіп-баптаудың қыр-сырын үйреніп келген.

Мамандар жеміс-жидек, біріншіден, егістік жердің құнарлылығын сақтаса, екіншіден, мол табыс көзі екенін айтады. Сондықтан жергілікті шаруалар бау-бақша өсіруге бейімделіп келеді. Сұлтан Жолдасбаев – италиялық алма мен жүзімді Мырзашөл өңіріне жерсіндіріп отырған бағбандардың бірі. Ол осыдан 7 жыл бұрын мұндағы 20 гектар жердің 11-не алманың үш түрін, қалғанына жүзім көшеттерін отырғызғанын айтады.

Сұлтан Жолдасбаев, кәсіпкер: 

- Бұлардың ерекшелігі, бұлар интенсивті. Яғни, отырғызған жылы өнім береді. Бірінші жылы аз болса да, гектарына 1 тоннадай береді. Келесі жылдан бастап 10 тонна, 3 жылдан бастап максималды өнім беретін дәрежеге жетеді. Тамшылатып суару арқылы біз суды үнемдейміз. Қор үнемдеу технологиясына жатады. Қажетті азот сияқты тыңайтқыштарды беруге болады. Биік жер болсын, барлығына суды біркелкі жеткіземіз.

Мұнда жаздық, күздік және қыстық алма түрлері бар. Бағбан олардан жылына 20-дан 35 тоннаға дейін өнім алса, жүзім 20 тоннадан кем бермейтінін айтады. Жүзімнің тағы бір ерекшелігі, жергілікті өнімге қарағанда ерте піседі. Шілденің басынан бастап қарашаға дейін жеміс жинайды. Алманың келісін 250-300 теңгеден өткізсе, жүзімді 300 бен 500 теңге аралығында саудалайды. Негізінен ішкі нарыққа жөнелтіледі.

Нұртас Тұрсынбеков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Жетісай ауданында 786 гектар көп жылдық жеміс-жидек дақылы егілген. Оның 450 гектарына жүзім, қалған 336 гектарына алма отырғызылған. Былтырғы жылы осы жеміс ағаштарынан 15 мың тонна өнім алынған. Биылғы жоспар сол жоба болады деп күтіп отырмыз.

Бау-бақша өсірген бағбандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұрын қарқынды баудың гектарына субсидия төленсе, қазір тамшылатып суару тәсілін қолданғандарға кеткен шығынның 40%-ін мемлекет өтеп береді. Жетісай ауданында мақта көлемін азайтып, жерді әртараптандыруға ерекше назар аударылып отыр. Оның орынына өнімі мен табысы мол бау-бақша дақылын егетіндерге қолдау көп.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.