Тасқынға дайындық: Ойыл өзені бойындағы гидроқондырғылар жаңғыртылады

Атырау облысында биыл Ойыл өзені тасып, 7 ауылға қауіп төніп, тасжолды тасқын шайып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол аздай Қызылқоға ауданына да су басу қаупі төнді. Осыған орай жергілікті билік Су ресурстары комитетімен бірлесе отырып, Ойыл өзені бойындағы гидроқондырғыларды жаңғыртуды қолға алды. Соңғы 10 жыл бойы қуаңшылық жайлаған өңір үшін өр суын тиімді пайдалану – басты міндет. Осыны ескерген аудан тұрғындары қазірден бастап келер жылдың қамына кірісіп жатыр.

Ел наурыз мерекесін тойлап жатқанда Қызылқоға ауданының тұрғындары  тасқын сумен алысып әбігер болған еді. Наурыздың 22-23 күндері күрт еріген қар суы бірден Миялы селосына қауіп төндіріп, алдыңғы жылы төселген тасжолды жыруға мәжбүр етті. Соның өзінде Тайсойған, Қарабау секілді 7 елді мекен аралда қалып қойды. Қазір қауіп сейілгенімен, ағыс баяулаған жоқ.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Ойыл өзенінің Атырау облысына енетін негізгі қақпасы – осы Ералы су торабы. Мамандардың пікірінше, 25 сәуірге дейін осы ардан 415 млн текше метр су ағып өткен көрінеді. Ағыстың жойқындығы соншалықты, соның өзінде үлгере алмай, елді мекендерге қауіп төндірді. Сондықтан да атқарушы билік су өткізетін гидроқондырғыны жөндеуді және шлюздерді қайта жасақтауды қолға алмақ. 

Жалпы биыл Ойыл өзені арқылы 600 млн текше метр су келіпті. Нәтижесінде 285 шақырымдық ескі арна толды. Ендігі мақсат – осы ылғалды тиімді пайдалану. Қазір көлтабандар мен шабындықтарға су шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онан өзге өзен бойындағы гидроқондырғыларды жөндеуге 551 млн теңгелік іс-шараның жобалық құжаттамасы дайындалып, Су ресрустары комитетіне тапсырылды.

Ерболат Иғалиев, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:

- Енді алдағы айларда қаражат бөлінсе, тиісті жұмыстар басталатын болады. Жаңқабай шлюзін 2 есеге кеңейту, қосымша дамбылар соғу сонымен қатар қазір пайдаланып отырған Ералы су көпірінің айналасына бетон құйылады. Жалпы осы жоба жүзеге асқан жағдайда ауданға келген өр суының бәрін тиімді пайдалану жұмыстары жүргізілетін болады. 

Қызылқоға ауданындағы 230-дан астам шаруашылық пен жүздеген шақырымдық шабындық алқаптар Ойыл өзені арқылы суландырылады. Сондықтан көктемде қауіп төндіргенімен, ауыл тұрғындары биылғы жылдан мол береке күтіп отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов.