БҚО-да киіктерге арналған тәлімбақ салынып жатыр

Ақбөкенді қалай қорғаймыз? Бір жылдары жаппай қырылып, жер бетінен жоғалып кете жаздаған киік баласы көбейіп келе жатқанмен, қауіп те көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар енді Бетпақдала мен Орал өңіріндегі ақбөкендерді будандастырмақ. Сол арқылы жануарлардың иммунитетін көтеріп, жұқпалы ауруларға төзімділігін арттырады.

Қазір Орал қаласының іргесінде 56 гектар аумақ қоршалып, тәлімбақ салынып жатыр. Мұнда құралайдың біразын әкеліп те қойған.

Мына құралайлардың туғанына бір апта ғана. Әлі отықпаған. Тәлімбақта сәбилерге арналған ұнтақты езіп, оған дәрумендерді араластырып, қоспа дайындайды. Сол сүтпен күніне 3 мезгіл қоректендіреді. Бастапқыда рацион 50 грамм болса, қазір бір ішкенде лақтар 250 грамды тауысады екен.

Гүлназ Сүндетқалиева, БҚАТУ магистранты:

- Балаларға арналған тамақ пен сайғақтың анасының сүті бірдей болады. Әртүрлі жануарларда сүттердің өндірісі әртүрлі ғой. Уызды сиырдың беретін болсақ, қорытпай, әртүрлі ауруларға шалдығуы мүмкін. Сондықтан «Нестожен» балаларға арналған жемді береміз.

Құралайлар тәлімбаққа Жәнібек ауданынан жеткізіліпті. 200 лақтың 50-і – еркек. Оларды табиғи ортадан алуға Экология министрлігі рұқсат берген. Бұған дейін Батыс Қазақстан аграрлы техникалық университетінің ғалымдары Ұлытау облысындағы тәлімбақта ғылыми жұмыстар жүргізген екен. Енді 2 популяцияны параллель зерттемек.

Мадияр Әлжаппар, киіктерге арналған тәлімбақ басшысы:

- Төлдерінде айырмашылық бар екен. Бетпақдала популяциясы 1-1,5 келіге ауырлау болады және дене бітімі ірілеу келеді екен. Будандастыру жұмыстары жоспарда бар. Әрине, екі популяциядан шыққан лақтары иммунитеті күшті, кейбір ауруларға төзімді болатыны сөзсіз. Сондай нәтижеге қол жеткіземіз деген үмітіміз бар.

Тәлімбақта киіктердің қоректенуінен бастап, олардың өсімі, түрлі инфекциялық аурулардың ақбөкеннен үй жануарларына жұғуы, және керісінше төрт түлікте таралған аурулардың дала еркелеріне өтуі зерттелмек. Сол ауруларға қарсы вакцина шығару да жоспарда.

Қайсар Қошалиев, ветеринария ғылымдарының докторы:

- Киіктерде қандай аурулар кездесетінін бүгінгі таңда ДНК дейміз,  молекулярлы-генетикалық үшінші кезеңге біздер көшейін деп жатырмыз. Қандай аурулар тауып жатырсыздар десе, біздер айтамыз цинуроз деген ауру, гельминттік ауру, эхинококкоз деген ауру, монизиоз деген ауру, лақтар іштері өтіп ауырады. Бүкіл ішіндегі органдарды алып, соларға зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. 

Мамандардың пікірінше, ғылыми жұмыстар нәтижесінде киікті қолда ұстаудың биологиялық негіздемесі әзірленбек. Болашақта осындай тәлімбақтарды, бөкенді қолда ұстайтын шаруашылықтарды көбейтсе, киік санын реттеуде қиындық тумайды. Әрі олардың өнімдерін заңды түрде өңдеп-өндіруге мүмкіндік пайда болмақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмұдов, Э. Аюпов.