Жетісу облысының 16 ауылына ауызсу жүйесі тартылады

Жетісу облысының 16 елді мекеніне ауызсу жеткізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі – Кербұлақ ауданындағы Ақтөбе ауылы.

Әкімшілік аумаққа ауызсу жүйесін жүргізу үшін қазынадан 325 млн теңге бөлініп отыр. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын ойдағыдай аяқтаса, тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішу машақатынан құтылуға тиіс.

Ақтөбе ауылының тұрғыны Ануарбек Бұқарбаев үйімен қатар қорасына да су құбырын тартқызып жатыр. Үй шаруасы біраз жеңілдеп қалатын болды дейді.

Ануарбек Бұқарбаев, Ақтөбе ауылының тұрғыны:

- 100-дей тоқты, 10 шақты оншақты ірі қара байлайтынбыз. Ертеңге 9-дан бастайтынбыз, түскі 2-ге дейін су таситынбыз. Енді мына су кірсе, жарты сағатта, бір сағатта суаруға болады. Шаруашылығымыз ары қарай дөңгелейді. Үйге су кірсе, ванна қоямыз. Дәретхана да іште болады. Өркениет болады ғой.

Мердігер мекеме елдімекен ішіне су жүйесін жүргізіп болды. Қазір ұңғыма қазып, су жиналатын нысанды орнатып жатыр. Шілденің соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтамақ. Сол кезде ауылдағы басты мәселе шешімін табады. Ауыл халқы енді байланыс сапасын жақсартуды сұрап отыр. 

Мұқан Оңалбаев, Ақтөбе ауылының тұрғыны:

- Енді мына ауылда бізді қинайтыны – интернет. Бізде интернет жоқ деуге болады. Осы ауылға интернет орнатып берсе, жақсы болар еді. Халықтың тұрмыс тіршілігіне де.

Ал көршілес жатқан Басши ауылына су жүйесі 2010 жылы жүргізілген. Соған қарамастан тұрғындарға тіршілік нәрі кеңестік кезеңде қазылған ұңғымадан беріліп отыр. Себебі жаңасы істен шыққан.

Бақыт Иманбеков, Басши ауылдық округінің әкімі:

- Судың қоймасына су жиналып отырған жоқ. Ол судың қоймасы тұр. Соған толыққанды істеу үшін жоғарғы жағынан жаңадан су ұңғымасын қайтадан қосу қажет. Сол кезде ол толыққанды жұмыс істейді. Осыған судың қорына зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін оған ақша бөлініп жасалынады.

Ауыл әкімінің айтуынша, бұл жұмыстарға біраз уақыт керек болады. Жалпы Жетісу облысындағы 358 елді мекеннің әлі 30 шақтысына орталық ауызсу жүйесін тарту қажет. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.