Жер жүзіндегі киіктің 97% Қазақстанды мекендейді

Дәл қазір елде киік санағы жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр түз тағысының саны 1,5 млн-ға жуықтаған. Биыл тағы көбейіп, 2 млн-нан асуы мүмкін.

Иә, жезкиіктің көбейгені жақсы. Бірақ диқандардың жайын кім ойлайды?

Жер жүзіндегі киіктің 97% Қазақстанды мекендейді. Бетбақдала, Үстірт, Орал төңірегі – түз тағысының атамекені. Сарыарқаны кезіп, Баянауыл, Қарауылға дейін ұзайтыны бар. Қалың қараша осы киікті кие тұтып, қорғау керек дейді. Былтырғы дерек бойынша «Орал» популяциясында 800 мың киік болса, «Батбақдалада» 500 мыңға жуық, ал «Үстіртте» 28 мың бас бар.

Жалпы киік саны — 1 318 000

«Орал» популяциясы — 800 000

«Бетпақдала» популяциясы — 489 000

«Үстірт» популяциясы — 28 000

Мамырдың аяғына дейін санақ аяқталады. Қазір киіктер төлдеп жатыр. Ең бастысы, қырдың еркесі жылдан жылға көбейіп келеді. Бірақ бұл бір жағынан нәпақасын жерден терген диқандарға ауыр тиіп тұр. Олар киіктің тұяғы егінді, одан қалды жайылымды жайпап өтеді деп шағым айтады. Олаңдың мұңы да орынды. Қазір далада егіс жұмыстары қыза бастады. Сол себепті бұл мәселе көп ұзамай тағы көтеріледі. Енді диқанды да ренжітпей, киікті де өлтірмей бұл мәселені қалай шешуге болады?

Асқар Әбдірахманов, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:

- Консультативті кеңес өткізейін деп жатырмыз. Мұнда халықаралық сарапшылар мен біздің ұлттық сарапшылардың қатысуымен осы сұрақ талқыланады. Кейін ұсыныс болады.

Жауаптылар мәселені шешудің тиімді жолын әлі таба алмай жүр. Ол былай тұрсын, киіктің ежелден келе жатқан қоныс аудару бағытына да кедергі келтірдік, - дейді экологтар. Олардың айтуынша, табын өтетін жердегі кесе-көлденең теміржол, қоршалған тасжолдар салынды. Бірақ, бұйырса, бұл мәселенің де шешімін табуға болады, - дейді мамандар. Өйткені жануарға зиянын тигізбес үшін өзге мемлекеттер жол үстіне экологиялық өткел салады. Оның құны – шамамен 1,5-2 млрд теңге.

Асқар Әбдірахманов, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:

- Экодук деген табиғи ландшафт құрап, теміржол өткелдерінен жасаған. Оны біз ұсынып отырмыз. Ол өте қымбат, қазір қиын болып тұрған сияқты. Бірақ болашақта өзгеріс енгіздік. Жаңадан теміржол, тасжол, қоршалатын жол болса, экодуктарды салуды қарастыру туралы.

Халықаралық сарапшылар жиналатын келелі кеңес мамырдың аяғында өтеді. Мұнда киікті қорғау жайлы нақты ұсыныстар айтылады. Дәл осы жиын даланың диқаны мен киігіне ортақ мәміле тауып береді дегенге сенім бар. 

Авторлары: Бекзат Аманов, Мұмаммедәлі Тілдабаев.