Астанада компьютерлік ойын құрастыру турнирі аяқталды

Компьютерлік ойындар құрастырудан республикалық турнир аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қысқа уақыттың ішінде 12 мен 17 жас аралығындағы мектеп оқушылары өз біліктілігін дәлелдеп, нақты тапсырмаларды орындап шықты. Байқауға еліміздің 200-ге жуық жас дарыны қатысты. Олар «Банк бизнесі», ойын кейіпкерлерін және ойын алаңдарын құру аталымдары бойынша сайысқа түсті.

Ақтық финалға 50 оқушы жолдама алған еді. 13 мамыр қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, жас дарындарға бағалы сыйлықтар табыстады.

Анастасия Орлова, «Банк бизнесі» ойынын құру аталымының жеңімпазы:

- Мен тапсырма бойынша ойынды 3 күннің ішінде жасап шығаруым керек болды. Берілген тақырып – Банк бизнесі. Бұл ойында кейіпкер жас банкир қызметін атқарады. Оған қаржы институтын сатып алу мүмкіндігі беріледі. Кейін ойын барысында 3 негізгі көрсеткішті қадағалап отыру керек. Яғни, банк капиталы, клиенттер және қызметкерлер. Ойынды құрастыруда мен бұл саланы жіті меңгеруім керек болды. Осы тұсы қиынға соқты. Күн демей, түн демей 72 сағат жұмыс істедім.