Ақтөбеде 200-ден астам жасыл-желекті кескендер анықталды

Ақтөбеде жайқалып тұрған 200-ден астам жасыл-желекті кескендер анықталды.

Қала іргесіндегі тоғайды қурап тұрған талдардан тазартудың орнына жауапты мекеме жұмысшылары өсіп тұрған ағаштың барлығын отап тастаған. Талдау жасаған прокурорлар 236 түптің жойылғанын хабарлап отыр. Табиғатқа келген шығын көлемі 15 млн теңге шамасында. Құзырлы орган өкілдері тоғайға балта ала жүгірмес бұрын зерделеп, қураған талдар саны анықталуы тиіс еді,- дейді. Алайда бұл жұмыс атқарылмаған.

Земфира Кирбасова, қалалық прокуратура бөлімінің аға прокуроры:

- Бұл дерек қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының прокуратурасына тіркелген. Қылмыстық кодексінің 362 бабының бірінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Үш мың АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.