Жамбыл облысында жол жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді

Жамбыл облысындағы Қонаев пен Әбілқайыр ауылына апарар 20 шақырым жол егемендік алғалы жөндеу көрмеген.

Ауылдықтар жалғыз даңғылмен ауданға барады. «Оқушыларды көрші ауылға апарар мектеп автобусы да осы жолмен қатынайды. Сондықтан күрделі жөндеуді қажет етіп тұр»,-дейді тұрғындар. Ал облыстық жол басқармасының өкілдері «Құмарық-Юбилейное» бағытындағы тас жолға 2 жыл бұрын қаржы бөлінгенін айтты. Бірақ мемлекеттік сатып алуда өрескел қателіктер жіберіліп, жұмыс түбегейлі тоқтатылған. Кейін бөлінген қаржы кері қайтарылды. Дегенмен биыл орташа жөндеуден өтеді. Жалпы облыс бойынша 5600 шақырымнан аса жолдың тозығы жеткен. Биыл облыс аумағындағы жолдарды жөндеуге 24,7 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 777 шақырымға асфальт төселіп, 11 шақырымынан астамы қайта жаңғыртылады.

Қанат Махатов, Әбілқайыр ауылының тұрғыны:

- Капитальный жол жасау керек қой жасағаннан кейін. Бәрі средство бөлініп жатыр үкімет. Мынаның бәрін облыс дейді аудан дейді. Қанша жыл болды бір біріне сілтейді де қала береді.

Олжас Орынбеков, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің бас маманы:

- 2023 жылы мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, бүгінгі таңда мердігер анықталып тұр. Енді осы мамыр  айының аяғында дейін техникалық қадағалаушы анықталған кезде, жұмыстарды маусым айында бастаймыз.