Павлодар ауылында асфальт қалдықтары жиналған қойма табылды

Облыс орталығы маңындағы Павлодар ауылында асфальт қалдықтары жиналған қойма табылды. 

Қалдықты ауыл шетіне 5 жылдан бері төгіп келген. Экологтардың айтуынша құрамында битум қоспасы бар материалдарды сақтаудың талабы рескел бұзылған. Қазір ауыл тұрғындары алаңдап отыр. Себебі күн ысығанда еріген асфальтқа ит-мысық пен мал жиі батып қалады екен.  

Тау болып үйілген топыраққа ауыл адамдары әу баста  күмәнмен қарапты. Өйткені жол құрылысынан қалған қалдықтар елдімекенге жақын орналасқан. Күн күрт ысығанда  битум еріп, ойық шұңқырлар пайда болған.

Алёна Локтеонова, Павлодар ауылының тұрғыны:

- Бұл жерде үйіліп жатқан битум еріп, көлшіктер пайда болды. Сұйық асфальтқа үй жануарлары батып жатыр. Арасында иттер де, қойлар да болды. Күн қатты ысып кеткенде  битум ағады.  Елу метр жерде тұрғын үйлер тұр. Балалар ойнайды.

Жол қалдықтарының  бұл жерге бірнеше жылдан бері төгіледі. Бүгінгі таңда жүздеген тонна  қалдық үйіліп жатыр. Соңғы оқиға болмаса, мәселе жабулы күйінде қалар ма еді. Мына кадрларды ауыл тұрғындары түсіріп алаған. . Олар битум толы шұңқырға батып кеткен  итті алып шықты.

Игорь Смирнов, Павлодар ауылының тұрғыны:

- Біз болған жағдайды ауыл әкіміне баяндап бердік. Ол құрылыс қалдықтары  «Павлодаржолдары» - деген фирмаға тиесілі деді. Бес жыл бойы ауылға тасып жатыр. Алып кетеді, кері әкеліп тастайды. Осылай жалғасуда.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба экологтардың назарына ілінді. Қазір олар қауіпті аймақты зерттеп жатыр. Ал жауапты мекеме жылдар бойы қордаланған ескі асфальтты техникаға тиеп әкетіп жатыр.

Мағзұм Қоқымбаев, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Біз кәсіпорынға қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргіземіз. Нәтижесі бойынша тиісті шара қолданамыз. Табиғатты пайдаланушылардың қолында шикізатты жинауға рұқсат құжаттары жоқ. Жер телімін белгілі бір мақсатта пайдалану құқығы  болуы керек.

Жол құрылысымен айналысатын кәсіпорынға қатысты тексеру басталды.  Енді олар қауіпті қалдықтарды ауыл ішінен алып кетуі тиіс. Бұл іспен  табиғатты қорғау прокуратурасы айналысады. Құзыретті орган табиғатты қорғау аймағында жөнсіздікке   жол бергендерді анықтайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков