Ұлытау облысында егіс алқабы ұлғаяды

Ұлытау облысында биыл егіс алқаптары 2 мың гектарға ұлғайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Диқандар 35 мың гектар жерге дән сеуіп жатыр. Науқанға ерте қамданған олар алғашқы аптаның өзінде жоспардың тең жартысын  орындап үлгерді. Техника да дайын тұрды. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген жанар-жағармай беріліп жатыр. Күн райы да дала жұмыстарына қолайлы болып тұр. 

Облыс биылдан бастап егіс алқаптарының көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Осы мақсатта қосымша 5 мың гектар жерді майлы дақыл немесе көкөніс өсіруге ниетті шаруаларға үлестіруге дайын. Ал әзірге 35 мың гектардың 30 мыңына бидай, қалғанына арпа себіледі.

Бағдат Бекетаев, шаруа:

- Былтырғы жылы орташа есеппен 11-12 центнерден өнім алғанбыз. Биыл былтырғығы қарағанда қуаңшылық болып тұр. Сәуір айынан бері осы аумаққа әлі тамшы жаңбыр жауған жоқ. Бірақ жерде ылғал бар. Қазіргі таңда 2 мың гектар жерге дейін егін алқабының бидай сеуіп үлгердік.

Қайрат Мутаев, облыстық Ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Биыл көктемгі егіс жұмыстарына 23 шаруа қожалығы қатысып жатыр. Олар Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында орналасқан. Диқандарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан 840 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қазір шаруалар мен оның жеткізетін операторлар арасында тиісті келісімдер жасалып жатыр.