Елде адам саудасына қатысты 65 қылмыс тіркелген

Елде адам саудасы тыйылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми дерек бойынша жыл сайын осы фактіге қатысты 100-ге жуық қылмыстық іс қозғалады. Биылдың өзінде 65 оқиға тіркелген. Оның дені күштеп жезөкшелікпен айналысуға қатысты. Көп жағдайда зардап шеккендер құқығын таптап, жәбір көрсеткендерді жауапқа тартуға асықпайды екен. Сондықтан қазір тиісті заңнамаға өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

Бұл 1 жыл бұрын құлдықтың қамытын киіп, босап шыққан Сергей. Кейіпкеріміздің жеке басының қауіпсіздігіне байланысты есімі өзгертілген. Атын атап, түрін көрсетпеуді өтінді. Тағдыры өте ауыр. 2000-шы жылдардың басында жамбас буындарында тұз жиналып, жүру қиындаған. Кейін жығылғанға жұдырық болып, көктайғақта тайып құлап, көлік астында қалған. Салдарынан омыртқасы сынып кеткен. Сол жылдары ата-анасы қайтыс болып, әпкесі үйін сатып жіберген. Ал Сергей қаңғыбас болып, өлместің күнін кешкен. Кейін 2011 жылы құлдыққа түседі.

Сергей:

- Мен тығырыққа тірелгеннен соң қайта оңалту орталығында пана тапқан болатынмын. Сол ғимараттың жанында серуендеп жүргенімде бейтаныс әйел келіп, өз үйлерінде тұруға шақырды. Тамағымды беріп, дәрілерімді алуға көмектесеміз деді. Біраз ойланып, кейін келістім. 1-2 айдай жақсы тұрдым. Сосын мені арбаға таңып, базарлардың алдына қайыршылықпен айналысуға жіберді. Күніне 30-35 мың теңгедей ақша әкелетінмін. Тапқан табыстың барлығын қожайындар алып қоятын.

Сергей бірнеше рет құлдықтан қашпақ болған. Барлығында да оны ұстап алып, жұдырықтың астына алған. Қабырғалары мен жағын да сындырып тастаған екен. Уақыт өте келе Сергейді Ақтөбеге басқа адамдарға құлдыққа беріп жіберген. Қашудың ендігі бір мүмкіндігі осы қалада туды.

Сергей:

- Көшеде қайыр сұрап тұрғанда маған 2 жас қыз келіп, азық-түлік алып берейік деді. Сол сәтті пайдаланып мен қысқаша мән-жайды түсіндіріп, оңалту орталығы қай жерде екендігін сұрадым. Жас қыздар келесі күні волонтерлерді жіберіп, мені құлдықтан ұрлап алып шықты. Бұл ұйым маған қазірдің өзінде үлкен көмек көрсетіп келеді.

Қазір адамдарды заңсыз еңбек құлдығында ұстағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сергейдің сөзінше, ол отбасыда бір емес, бірнеше мүгедек жан құлдықта болған. Өткенді көзге жас алмай елестету мүмкін емес, - дейді ол.

Жалпы Сергей сынды жандарға елде түрлі оңалту орталықтары көмектеседі. Бұндай мекемелерде тағдырдың тәлкегіне түскендер жарты жылдай тұра алады. Оларға психологиялық көмек көрсетіліп, құжаттарын қайта қалпына келтіруге жәрдем беріледі.

Мадина Сауытбекова, психолог:

- Осы жылда бізде орталықта 8 адам бар. 8 адамның ішінде жастары да бар, үлкендері де бар. Көбі зейнет жасына жетіп қалғандар келеді. Бізге түсетіндер негізі құлдықта болған, құжаттары жоқ, айлықтары жоқ немесе тұрғылықты тұратын жерлері жоқтар.

Жалпы елдегі статистика жантүршігерлік. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ге жуық қылмыстық іс қозғалып отырады. Биылдың өзінде 65 қылмыс тіркелген. Оның дені күштеп жезөкшелікпен айналысуға қатысты.

Шынар Көшербаева, ҚР ІІМ басқарма бастығының орынбасары:

- Көбіне зардап шеккен шетелдік азаматтар тезірек елдеріне қайтқуға асығып, істі сотқа дейін жеткізгілері келмейді. Яғни, заңбұзушылар жауапқа тартылмай қалады. Егер оның жасаған қылмысы ауыр санатқа жатқызылса, онда, әрине, темір торға тоғытылады. Енді қазір біз заңға өзгеріс енгізу үшін бірқатар жоба әзірледік. Нақтырақ айтқанда, осы құлдыққа түскендерге көмек көрсету аясын кеңейтеміз.

Яғни, тергеу жүріп жатқан аралықта шетел азаматына қойылатын миграциялық талаптар алып тасталады. Тағы өтемақы төленіп, психологиялық, әлеуметтік көмек Қазақстан азаматымен бірдей тең деңгейде көрсетілетін болады. Осылайша, құлдықтың құрығында болғандар құқығын шектегендерді толыққанды жауапқа тарта алады, - дейді, тәртіп сақшылары.

Авторлары: Риат Шони, Диас Қобыланбаев, Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев.