Елордадағы халықаралық конференцияда мемлекеттік қызмет мәселесі талқыланды

Мемлекеттік қызметтің даму көкжиегі, проблемасы мен мүмкіндіктері. Астанада өтіп жатқан «Меритократия. Парасаттылық. Инновациялар» тақырыбындағы халықаралық конференцияды осы мәселе талқыға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар мемлекеттік қызметке жастарды тарту және бюрократия сынды мәселелерді де назарға алған. Саланы цифрландыру бойынша пікір алмаспақ. 

Келесі жылдан бастап үміткер мемлекеттік қызметке онлайн орналасуы мүмкін. Қазіргі уақытта пилоттық жоба ретінде бес органда сынақтан өтіп жатыр. Алдымен вакансия е-қызмет порталында жарияланады. Ал үміткер барлық сынақтан қашықтан өтеді. Шешім жиынтық балға сәйкес қабылданады. Бұл әдіс адами фактордың араласуын тыяды. Отандық модель Елордада өтіп жатқан халықаралық конференцияда таныстырылды.

Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- ТМД мемлекеттерінде мұндай жоқ. Жылдың аяғында жоба аяқталады. Келесі жылдан бастап барлық мемлекеттік органдарды осыған кіргізсек деген алдағы жоспарымыз бар. Біз қазіргі таңда тесттің сұрақтарын қысқартып жатырмыз. Қазіргі кезде 9 заңнан тест тапсыру керек болса, біз оны 4-ке дейін, 5-ке дейін қысқартсақ па деп отырмыз.

Яғни, тесттің орнына адамның қабілетін, эмоциялық хал-ахуалы мен рухани дүниесін бағалайтын құралдар енгізіледі және комиссия құрамына мамандыққа сәйкес тәжірибелі маманды кіргізу жоспары тұр. Бұл бағытта Астана мемлекеттік қызмет хабы жетпістен астам зерттеу жұмысына мұрындық болды. Құжатта таланттарды тарту, мемлекеттік қызметшілерді марапаттау, бюрократия, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың басқа да өзекті аспектілері қамтылды.

Әлихан Бәйменов, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы:

- Біздің аймақ елдеріндегі ең өзекті мәселелер – меритократияны қорғай білу. Яғни, ең білікті, ең білімді адамды іріктеп, жұмыстан ілгерілету. Екінші – жемқорлықпен күрес. Үшінші – қоғаммен қарым-қатынасты нығайту. Сонымен қатар таланттарды іріктеп, оларды мемлекеттік қызметке қалай тарту керек.

Биыл өңірлік жастар кадрлық резерві жасақталады. Ал Президенттік жастар кадрлық резервіндегі 266 адамның 34-і А корпусында лауазымда жүр. Шетелдік сарапшылар Қазақстандағы мемлекеттік қызмет сапасы бойынша ТМД-да көш бастап тұрғанын айтады. Бұл межеге цифрландыруды батыл енгізудің арқасында қол жеткізілген. 

Панос Ливеракос, халықаралық сарапшы:

- Қазір бір қызметте 4-5 жыл отырып, одан кейін міндетті түрде қызметін көтеру, жалақысын көбейту сияқты модельден қоғам бас тартып жатыр. Қызметкердің еңбек өтілі маңызды емес. Жұмысты атқару тәсіліне, құлшынысына қарай жалақы төленеді, жаңа лауазым беріледі. Қазақстан мемлекеттік қызметте елеулі өзгерісті бастады. Цифрландыру ашықтықты қамтамасыз етіп отыр. Аймақта кемінде 2 мемлекет қазақстандық модельді таңдағанын анық білемін.

Конференцияға 30 мемлекет өкілі қатысып жатыр. Мұнда мемлекеттік қызмет саласын дамытудағы Бельгия, Корея, АҚШ, Канада және Қазақстан тәжірибесі таныстырылады. Іс-шара 19 мамыр күні аяқталады.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Наурызбай Құрманғазы.