Қызылордада жас математиктердің халықаралық олимпиадасы өтті

Қызылордада Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктердің халықаралық олимпиадасы мәресіне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білім бәйгесіне Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстанның барлық өңірінен 100 мұғалім қатысты. Бас жүлдеге тігілген 1 миллион теңге кімге бұйырды?

Жас математиктер 8 есептің шешімін табу үшін 4,5 сағат терледі. Тапсырма күрделі болды, - дейді қатысушылар. Бір есепті Асқар Жұмаділдаев ұсынды. Ол үшін арнайы қаржылай сыйлық тағайындады. Бұл – Қызылордадағы білім бәйгесінің басты ерекшелігі, - дейді академик.

Асқар Жұмаділдаев, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор:

- Қалған 7 есептің барлығы мектептің есебі ғой. Оны шығара береді балдар. Ол қиын емес. Ал мынау – ғылымға қатысты, бірінші курстың есебі. Қалғандары – 8-9-сыныптың есептері. Сондықтан мен осындай жаңалық енгізбекпін. Келесі жылы осы есепті тағы да беремін.

Жүзден жүйрік шыққандар жүлдеге ие болды. Сонымен ынталандыру мақсатында 10 қатысушыға 100 мың теңгеден үлестірілді. Үшінші орынның 300 мың теңгелік сыйақысын тараздық Бауыржан Кеңесов пен Астанадан келген Ақылбай Исатай жеңіп алды. Екінші орынның 500 мың теңге жүлдесін қызылордалық Баймен Сәбит және алматылық Нұрбек Күнғожин қанжығасына байлады. Ал бас жүлде – 1 миллион теңгені алматылық Қуаныш Жолдасов иеленді.

Қуаныш Жолдасов, бас жүлде иегері:

- Олимпиада өте жоғарғы деңгейде өтті. Есептер қызықты болды. 1 700 математик тіркелген болатын. Соның шінен 100 адам өздері іріктеп алып, олимпиада ұйымдастырды. Негізі есеп күрделі болды.

Мемлекет қайраткері, математик, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктердің халықаралық олимпиадасы Қызылордада осымен екінші рет өткізілді. Айтулы шараны ұйымдастырудағы мақсат – математика пәні мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін шыңдап, шығармашылығын дамыту және білім деңгейін арттыру, - дейді ұйымдастырушылар.   

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамбет Байділдаев.