Адам капиталын дамытудың маңызы халықаралық форумда талқыланды

Қазір бірқатар мекемеде кадр тапшылығы байқалады.

Ал жұмыс істеп жүрген еңбеккерлердің кәсіби біліктілігін үнемі арттырып отыру қажет. Жалпы адам капиталын дамыту – ел экономикасын арттырудың басты факторы болып есептеледі. Осы және қоғамдағы өзге де өзекті тақырыптар, елордада өткен халықаралық форумда талқыланды. Екінші мәрте өткізіліп отырған шарада, еліміздің 10 өңірінен 300-ден астам қатысушы бас қосты. Канада, Әзірбайжан, АҚШ, Өзбекстан және Ресейдің халықаралық ұйым өкілдері, адам капиталы бойынша өзара тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ ТМД елдерінде корпоративтік университеттер мен еңбек миграциясын қалыптастыру керектігін атап өтті.

Жанар Бекбасова, халықаралық форумды ұйымдастырушы:

- Форумға түрлі саладағы мекемелер, атап айтқанда, мемлекеттік органдар, инженерлік-техникалық кадрларды дайындайтын университеттер мен ірі компания өкілдері қатысты.  Түрлі саладағы өзекті мәселелер мен қызметкерлердің жұмыс барысында кездесетін қиыншылықтарын талқыладық. Оның шешу жолдарын қарастырдық. Жалпы форумның мақсаты – білікті кадрларды даярлау, еңбеккер мен басшылық арасындағы байланысты нығайту.