Ауыл әкімдері әр отбасының жағдайын білуі тиіс

Қызылорда облысының макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингінде Қармақшы ауданы 2-ші орын алып, жоғары даму динамикасын көрсетті.

Өнеркәсіп кәсіпорындары өткен жылы 4 жарым миллиард теңгенің өнімін өндіріп, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13 миллиард теңгеден асты. Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы сараланған жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев енді елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамытуға күш салу керектігін айтты.

Облыста қазір 10 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі Жосалы кентінде пайдалануға беріліп отыр. Жаттығу және әмбебап залдары бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысқан облыс әкімі бұл ғимарат «Ауыл – ел бесігі» жобасының жемісі екендігі атап өтті. Одан кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген мәжіліске қатысқан аймақ басшысы криминогендік ахуалға алаңдаулы екенін жеткізді. Жыл басынан бері тіркелген 30-дан астам қылмыстың жартысы ашылмаған. Тиісті сала мамандарына қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жұмыссыздықпен күресті күшейтуді тапсырды. Нұрлыбек Нәлібаевтың жеке қабылдауына келген тұрғындар да көбінесе жұмыс сұрай келіпті. Одан бөлек ауыларалық және ауылішілік жолдарды жөндеуді сұрағандар көп болды. 

Қайрат Кәрібозов, Алдашбай Ахун ауылының тұрғыны:

- Ынтымақ көшесіне көптен бері тас төсеу мәселесі қиын болып жүрген. Аудан әкіміне де айтып отырмыз. Бір айдың ішінде тасты төсеп береміз деп облыс әкіміне аудан басшысы уәдесін берді. Мінекей, кеше Президентіміз айтқандай ауылымыз гүлдене берсін.

Қармақшыдан кейін Жалағаш ауданына барған облыс әкімі темір жол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің алғашқы іргетасын қалауға қатысты. Жыл аяғына дейін пайдалануға берілуі тиіс өткел құрылысына бюжеттен 328 миллион теңге бөлініп отыр.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Аралда да үлкен көпір құрылысын бастадық. Құны 3 млрд 114 млн тг тұрады. Міне бүгін сіздерде көлік өтетін болмаса да жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы басталып жатыр. Осындай қалада қазір 2 жерде салынып жатыр. Өйткені халықтың әрі-бері өтуіне өте ыңғайлы. Ең бірінші адам өмірінің амандығы, қауіпсіздік қой. Жас балалар жүгіріп өтеді, жүйрік пойыздар келіп қалады. Талай қайғылы жағдай болды осы жерде. Сол болмасын деген ниетпен Жалағашта, қалада салып жатырмыз. 

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Жалағаштың 6 көшесі жөнделіп, Ақсу мен Шәменов ауылдарына газ тарту жұмыстары басталды. Дегенмен 5 елді мекен мемлекеттік бағдарламадан мүлдем тыс қалған. Жоба ұсынбаған ауылдық округ әкімдерін сынға алған аймақ басшысы оларға алдағы уақытта елді мекен тыныс-тіршілігіне оң серпін беретін тірлікпен айналысуды міндеттеді. Жеке қабылдауға келген жұрт аймақ басшысына денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының қолжетімділігі және баспанаға мұқтаждық жөнінде өтініштерін жеткізді. Облыс әкімі тұрғындардан түскен әрбір сауалдың туындау себеп-салдары жан-жақты зерттеліп, шешімі заң аясында қарастырылатынын айтты.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев