Жамбыл облысында 800 шақырымға жуық жол жөнделеді

Биыл Жамбыл облысында 800 шақырымға жуық жол жөнделеді.

Негізінен ауылішілік көшелерге басымдық беріліп отыр. 

Мамандардың мәліметі бойынша жол жөндеу жұмыстарына 24,7 миллиард теңге қаралған. Қаражаттың жартысына жуығы «Қуатты өңірлер», «Ауыл - ел бесігі» жобалары аясында республикалық бюджеттен бөлінді. 

Тараз қаласының орталығындағы Түйте Пірімқұлов атындағы көшеге соңғы рет 1987 жылы асфальт төселген. Содан бері жөндеу көрмеген жолы әбден тозды. Енді екі аптадан соң тұрғындар тақтайдай тегіс жолмен жүреді. 

Василий Вундер, Тараз қаласының тұрғыны:

- Көшеміз біраздан бері жөндеу көрмеген еді. Жаңбыр жауса балаларымыз лай кешіп мектепке баратын. Енді міне көптен күткен жөндеу жұмыстары басталды. 1 айдан бері құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жақын арада бітеді деген ойдамыз. Тұрғындардың барлығы қуанышты. 

Биыл қала шетіндегі біраз тұрғын үй алабына  көңіл бөлінді.  Олардың қатарында 15-шағын аудан мен Қант зауыты алқабы бар. Сонымен қоса Бұрыл массиві де алдағы бірнеше жылда асфальтталады. Жалпы облыс орталығында 80 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. 

Мұрат Саурықов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Бурыл А, Б, В массивіне 3,3 миллиардқа жоба бар. Соның бастауына биыл облыстық бюджеттен 330 миллион теңге берілген. Қазір конкурсы өтіп жұмыстарды бастай береміз. Қалған қаражатын келесі жылы республикалық бюджеттен сұрайтын боламыз. Сөйтіп, Бурыл А,Б,В массивін толықтай асфальттау жұмыстары жобасы іске асырылады. 

Биыл облыс бойынша 433 жол жөндеу жобасы іске асырылады. 3,3 шақырым көше жолдары жаңадан салынса, 11 шақырымы қайта жаңғыртудан өтеді. 777 километрлі көше орта жөндеумен қамтылмақ. Айта кетерлігі аймақта елді мекен жолдарын жөндеуге аса мән беріліп отыр.

Мұрат Саурықов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: 

- Қаржыландыруы 2 есеге өсіп отыр деп айтсақ болады. Былтыр мысалы 357 шақырым жалпы облыс бойынша елді мекен көшелері жөнделген. Биыл 550 шақырымға, яғни 200 шақырымға артып отыр. 

Облыстағы жол жөндеу жұмыстарына 25 мың тонна битум қажет. Жауаптылар бұл тұрғыда биыл мәселе туындамайды, қажетті мөлшердің жартысы қорда бар дейді. Айта кетерлігі, жолшылар биыл облыстық және аудандық маңызы бар даңғылдардың 98 процентін жақсы және қанағаттанарлық жағдайына жеткізбек. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә