Алматы облысы Өтеген батыр ауылында әлеуметтік клуб ашылды

Алматы облысы Өтеген батыр ауылында «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы ашылды.

Енді ауыл балалары жоба аясында негізгі мектеп пәндері бойынша тегін білім алады. Сонымен қатар спорт, өнер, шығармашылық үйірмелерге қатысып бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік  туып отыр. Әлеуметтік бастама «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асты. 

Жобаға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 100 миллионнан астам теңге бөлінген. Заманауи клубта балалар математика, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйреніп, IT-технологиялар бойынша білім алады. Сондай-ақ спорт, өнер, шығармашылық үйірмелері қарастырылған. 

Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры:

- Бірыңғай оператор «Samruk-Kazyna Trust» арқылы қаржыландырылған жоба. Бұл жобаның ерекшелігі әлеуметтік осал топтарға жататын жанұялардың балалары осы әлеуметтік клубта тегін оқи алады. Екіншіден осы зейнетке шыққан ата-әжейлеріміз осы балаларға тәрбие ретінде сабақ беріп отырады. 

Әлеуметтік клубтың жұмысы тұрмысы төмен әрі көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Жоба аясында бүлдіршіндерге тәжірибелі зейнетке шыққан ұстаздар дәріс береді. 25 мұғалім-тәлімгер жұмысқа тартылады. Олар 1-4 сынып аралығында оқитын 120-дан астам оқушыға тегін сабақ береді. 

Бағдат Қарасаев, Іле ауданының әкімі:

- Іле ауданын таңдап осы қор жұмыс жасағаны да жәй емес. Себебі Іле ауданы ең ірі аудандардың бірі.

Бүгінгі күні біздің мектептерде 67 мыңнан астам бала оқиды. Әрине осындай әлеуметтік клуб бүгін үлкен қайырымдылық жасап орталық ашып жатқаны біздің балаларға үлкен шаруа. Барлықтарыңызды үлкен шарамен құттықтаймын. 

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қайырымдылық істерге ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, өткен жылы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының Қамқоршылық кеңесі бұл бағытта 1,35 миллиард теңгеге 9 жобаны мақұлдап, іске асырылды.

Руслан Бақытбекұлы