Бурабайда өрт саны 4 есеге азайды

«Бурабай» ұлттық табиғи паркі аумағындағы смарт-жүйенің арқасында, өрт оқиғалары 4 есе азайды.

Тіпті өрттің аумағы мен шығын көлемі де қысқарған. Мәселен 2021 жылғы материалдық шығын 300 мың теңгеден асса, былтыр 193 мың теңге болған. Ал биылдыққа  смарт-жүйе үш өртті дер кезінде анықтады. Парк аумағында 14 бейнебақылау камерасы орнатылған. Яғни от енді тұтана бастағанда жүйе белгі беріп, жедел әрекет етуге болады. Бұрын орманшылар өрт шыққан жерге 30- 40 минутта жететін болса, бүгінде 5-10 минутта оқиға орнында болады. Мамандар биыл камера санын тағы көбейтуді жоспарлап отыр. 

Асылхан Ахметжанов, "Бурабай" ұлттық табиғи паркінің жедел басқару орталығының жетекшісі:

-  Біз осы жылы тағы 3 бейнебақылау камерасын орнатуды жоспарлап отырмыз. Жалпы неғұрлым камера көп болса, өрт дерегі азаяды. Мәселен, 2020 жылы осы жүйе болмаған кезде 22 өрт дерегі тіркеліп, 78 гектар жер қызыл жалынға оранған еді. Ал 2021 жылы барлық камералар іске қосылғасын, 22 өрт дерегі тіркеліп, жалпы аумағы небәрі 1,5 шаршы метрді құрады. Бүгінде смарт-жүйенің арқасында өрт аумағы 20 есеге, шығын көлемі 14 есеге қысқарып отыр.