ШҚО-да алтын өндіру зауыты әзір салынбайды

Шығыс Қазақстанда Маралды ауылының маңында алтын өндіру комбинатының салынуына салалық министрлік әлі ешқандай рұқсат берген жоқ.

Бұл туралы өңірге іссапармен келген Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлімдеді. Елдің бас экологына қойылған сұрақ көп болды. Ауылдықтар жабайы сарымсақ теруге рұқсат берілуін сұраса, енді бірі Риддер қаласында дендросаябақ ортасында құрылыс жүргізуге наразылығын жеткізді.

Сонымен қатар орманды қорғау қызметі күшейтілсе деген өтініштерін айтты. Сонау Күршім ауданынан келген белсенділерді де қоршаған орта қауіпсіздігі алаңдатыпты. Олар өңірде алтын өндіру кәсіпорнының салынуына қарсы. Себебі жергілікті су көзі ластанып,бүкіл тіршілік атаулыға залал тиюі мүмкін. Зауыт салынады деген аймақта қызыл кітапқа енген өсімдіктер де аз емес.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі​:

- Ол өңірге мамандардан құралған арнайы комиссия баратын болады. Олар су белдеуіне назар аударады. Егер заңға қайшы жағдайлар болса, барлығы ескеріледі. Сирек кездесетін өсімдіктер өскен аймақ міндетті түрде қорғалу қажет. Оның барлығы зерттеледі.