Жамбыл облысында қазақыланған ауыл бар

Ерекшелігі, тұрғындардың 40%-і – өзге ұлт өкілдері, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соған қарамастан барлығы мемлекеттік тілді меңгеріп алған.

Елена Умбетова – қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан лезгин қызы. Ол мемлекеттік тілді бала кезінен біледі. Мектепті орыс тілінде оқыса да, жоғарғы оқу орнында мамандықты қазақ тілінде меңгерген. Қазақшасы судай педагог 5 жылдан бері Дінмұхамед Қонаев ауылындағы шағын орталықта еңбек етіп келеді. Бүгінде ұлты бөлек ауыл балаларына қазақ тілін үйретіп жүр.

Елена Умбетова, педагог:

- Басынан кішкентай кезімде көршілерімнің барлығы қазақтар болған негізі. Сол кішкентай кезімізден қазақша сөйлейтінбіз. Қазаққа тұрмысқа шықтым. Қазір келіні болып жүрмін. Дәстүрін, бәрін білемін. Бәрін орындап жүрмін.

Ал Азафар Марвановтың ұлты – ұйғыр. 10-сынып оқушысы Мұқағали өлеңдерін жатқа оқиды. Болашақта дәрігер болғысы келетін өрен мемлекеттік тілді білу өте маңызды дейді.

Азафар Марванов, 10-сынып оқушысы:

- Мен – біріншіден, Қазақстан Республикасының патриотымын. Сол үшін мен Қазақстынның салт-дәстүрлерін құрметтеуім керек. Болашақта қазақ тілі қызметке қажет болады. Сондықтан қазақ тілін білудің артықшылығы мен пайдасы көп.  

Дінмұхамед Қонаев ауылындағы ағарту ошағы орыс және қазақ тілдерінде білім береді. Орыс сыныбында оқыса да, мемлекеттік тілді өз еркімен үйреніп жүрген оқушылар баршылық. Солардың бірі – ұлты орыс Максим Прокопьев. Поэзияға қызығушылығы басым ауыл баласы Абайдың 10-нан аса өлеңін жатқа айтады.

Максим Прокопьев, 10-сынып оқушысы:

- Қазақ тілі ол өте әдемі тіл. Абай оқуларына барғанмын. Қазақ тілінен пәндік олимпиадасына барғанмын. Содан екінші орын алдым.

Ауылдағы білім ошағында 200-ден аса оқушы болса, оның жартысына жуығы – бас ұлт өкілдері. Мектепте қазақ балаларынан басқа, орыс, өзбек, татар, неміс, ұйғыр мен үнді, тіпті кәріс, грек ұлтының балалары білім алады.

Жалпы Жамбыл облысында халық саны – 1 млн 218 мың. Оның 300 мыңнан астамы – өзге ұлт өкілдері. Тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, аймақтағы этнос өкілдерінің 60%-і мемлекеттік тілді жетік меңгерген.

Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә.