Ақмола облысының курорттық аймағында қоқыс полигоны тапшы

Ақмола облысында тұрмыстық қалдық төгетін полигон жетпейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жағдай күннен күнге ушығып барады. Туристік аймақтардың өзінде күл-қоқыс үйіліп жатыр. Мәселен, Бурабай мен Зерендіде тұрмыстық қалдық тастайтын ресми орын жоқ. Ал екі ауданның ортасында орналасқан полигон жергілікті халықтың әбден берекесін қашырған.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Бұл қос курорттық аймақтың, яғни Бурабай мен Зерендінің ортасында орналасқан қоқыс полигоны. Мұнда көбіне Щучинск қаласынан шығатын тұрмыстық қалдықтар төгіледі. Көріп тұрғандарыңыздай, бүгінде полигон қоқысқа әбден толып қалған. Ал осындай желді күні тұрмыстық қалдықтар жан-жаққа ұшып, тіпті аудан орталығына дейін жететін көрінеді.

Тұрмыстық қалдықтар төгетін орын Щучинск қаласынан 3 шақырым жерде орналасқан. Жел тұрса болды, қоқыс жан-жаққа ұшады, ыстық күндері иісі қолқаны қабады, - дейді тұрғандар. Қазір полигонда 10-ға жуық адам жұмыс істейді. Олардың өзі бірнеше жылдан бері айлығын ала алмай отыр. 

Евгений Сучков, қоқыс полигонының жұмысшысы:

- Шамамен 2 жылдың жүзінде «тазалық» банкроттық жариялап, жойылғаннан кейін біз еңбек ақымызды толық алған жоқпыз. Барлығы қағаз жүзінде тіркелгенмен, ақша төленген жоқ. Осындағы қоқыстарды сұрыптап, сатып, жан бағып отырмыз.

Жергілікті шенеуніктер болса бұл мәселеден хабардар болып шықты. Алдағы 1-2 айдың көлемінде қызметкерлердің еңбек ақысы толығымен төленеді, - деп сендірді. Сондай-ақ ауданда құны 3 млрд теңге болатын жаңа қоқыс полигонын салу көзделген. Нысан тапсырылғанға дейін қоқысқа лық толған ескі полигон жұмысын жалғастыра бермек.

Арман Әбдірахманов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Жаңа қоқыс полигонының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Нысан қаладан 5 шақырым жерде салынады. Бұл полигонда қажетті барлық нормалар ескеріледі. Яғни, қоқысты сұрыптап, өңдеу жұмыстары да жүргізіледі. 20 гектар жер бөлінді. Қазір жобаға сараптама жүргізіліп жатыр.

Жалпы биыл аймақта 7 полигон салынады деп жоспарланған. Бірақ бұл тізімге Көкшетау қаласы кірмейді. Облыс орталығындағы жалғыз тұрмыстық қалдықтар полигонының рұқсат мерзімі өтіп кеткен. Десе де жабық жатқан орынға әлі де қоқыс төгіліп жатыр. Ал жаңа полигонның қашан салатынын сала мамандары нақты айта алмай отыр.

Болат Төкішев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:

- Жобаның экологиялық бөлімдері жүргізіліп жатыр. Маусым айында қоғадық тыңдалым өтеді. Тек содан кейін жоба мемлекеттік сараптамаға жіберіледі.

Қазіргі уақытта өңірде қоқыс төгетін 130 орынның тек 24-і ғана заңдастырылған. Яғни, 100-ден астамының қызметі заңсыз. Жаңа полигон салып, қазіргілерді заңдастыру үшін қыруар қаржы мен уақыт керек.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка.