COVID-19: індеттен кейінгі міндет

Жұрт жаппай коронавирус жұқтырған уақытта жедел көмек көрсету мақсатында елімізде 16 стационар бой көтерген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

3 бірдей жұқпалы аурулар ауруханасы жаңғыртылды. Тиісті ем-дом жүргізу үшін 63 амбулаторлық-емхана пайдалануға берілген. Жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның аяқталғанын жариялады. Ел бойынша да науқас саны айтарлықтай азайған. Осы ретте жаңа модульді ауруханалардың ендігі жайы не болмақ? Пандемия аяқталса да, екпені салдыру қажет пе?

3 жыл, 1 ай, 24 күн. Әлемді жайлаған коронавирус індетінің ресми түрде тоқтауына осынша уақыт керек болды. 3 жылда вирус жер жаһандағы 20 млн адамның жанын жалмады. Тек біздің ел бойынша 1,5 млн адам індеттің ілмегіне ілініп, бір аунап тұрды. Ал 19 мың қазақстандық мәңгілік сапарға аттанды. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі науқастардың 99%-і сауығып кеткенін айтады. Бұған мемлекет деңгейінде тиісті іс-шаралардың дер кезінде қабылданғаны сеп болған. Әр өңірдегі ауруханалар науқастарды емдеуге бейімделді, қосымша 16 жаңа ковид стационары салынды. Қазір ауыр науқас саны азайды. Бірақ бұл жаңа ауруханалар қаңырап қалды дегенді білдірмейді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазір ковидтік стационарлар, инфекциялық ауруханалар басқа жұқпалы ауруларды емдеуге қолданылып жатыр. Кейбір өңірлерде ол ауруханаларды балалар жұқпалы ауруханасы етіп, немесе пульмонологиялық орталықтар етіп, басқа ауруханаға аурудың аз болғандықтан, басқа керекті ауруханаларға жұмсап жатыр.

Осыдан 30 жыл бұрын салынған стационарлардың көбі ескірген. Сондықтан компьютерлік томография, диагностикалық аппараттар сияқты заманауи қондырғымен жабдықталған ғимараттар жұмыстарын жалғастырып жатыр. Тең жарымына жұқпалы ауруларды емдейтін медициналық ұйымдап көшіп алған.

Бақыт Көшерова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс инфекционисі:

- Оның ішінде 20%-тен астамы реабилитациялық орталық болып жұмыс істеп жатыр және де әрбір қалада мысалы қандай оларға төсек керек, сол немен модульді ауруханаларға ауыстырып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс инфекционисі қазір омикрон штаммының кең таралғанын айтады. Тұмау тәрзіді жеңіл өтетіндіктен, науқастар бүгінде үйден-ақ ем алады. 3 жылда 15 рет өзгеріске ұшыраған клиникалық хаттаманың соңғы нұсқасымен ем жүргізіледі. «Ал екпе салдырудың қажеті бар ма» деген сауалға инфекционист-маман мынадай жауап қатты.

Бақыт Көшерова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс инфекционисі:

- Қазіргі кезде егер де адамдар 2 вакцина алып, 2 ревакцинация жасаса, осымен тоқтауға болады. Себебі басқа жаңа ұсыныстар жоқ. Ал егер де адам 2 вакцина алып, 2 ревакцинация алмаса, онда ол кісіге негізі 2 ревакцинация алу керек. Әсіресе давлениесі бар, диабеті бар, жүрек-бүйрек ауруларымен ауыратын науқастарға оларға осы 4 вакцина алу керек.  

Иә, дәрігерлер жасы 60-тан асқан, созылмалы дерті бар, денсаулығы дімкәс жандарға вакцина салдыруға кеңес береді. Бүгінде елімізде Pfizer және Sinovac екпелері ұсынылған. Оларды емханаларға барып салдыруға болады. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ербол Дайыров.