Петропавлдағы орман алқабынан жер қалай берілді?

Петропавлдағы орман алқабынан жер қалай берілді?

Орманның ішіндегі жер менікі деп жүрген кімдер?

Петропавлдың шеткері аумағында әлдекімдер айналдыра қазық қағып, құрылыс бастап кеткен. Прокурорлар қазір осыған қатысты тексеріс бастады. Ал халық қалың орман оталып кете ме деп алаңдайды.

Қарағайлы орман. Тұмса табиғат. Қарап тұрсаң, керемет көрініс. Бұл «Қазақстан» деп аталатын қала шетінде орналасқан бағбаншылар серіктестігі. Орман ішінен бәз біреулер жер учаскелерін алып алған. Биыл қазық қағып, артынша аумақты қоршамақ болған. Тұрғындар болса жасыл желек үшін алаңдап отыр.

Саяжайдың жалпы аумағы мен шекарасы белгіленбеген. Пысықайлар қалаған учаскені өздері таңдап алған көрінеді. Сондай-ақ, осы маңдағы қарағайларды да қазып алушылар көбейген. Тұрғындар бүгінде жүзге жуық ағаштың орнын анықтаған. 

Светлана Ерашова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Саяжайды біз балаларымызбен немерелеріміз табиғат аясында демалсын деп алдық. Бау-бақша егеміз. Жанымызда керемет орман. Онда тиін, қоян, үкі сынды түрлі жануарлармен құстар болған. Қазір бәрі қашып кетті. Себебі орман алқабынан жер иемденгендер анықталып отыр. Енді олар қарағайларды кесіп тастамақ.

Жауаптылардың айтуынша 12 сотық жер учаскесі 2021 жылы екі азаматқа бау-бақша егу үшін берілген. Бірақ комиссияның бұл шешімі қаншалықты заңды екені белгісіз.  

Жомарт Еркін, Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда біз бұл мәселені қарастырып, барлық құжаттарды көтеріп жатырмыз. Егерде жер заңсыз берілген болса, оны сот арқылы  мемлекет меншігіне міндетті түрде қайтаратын боламыз. Бұл жерлер орман қоры аумағына жатпайды. Сондықтан осы сұрақты да назарға алдық.

Даулы учаске қаланың меншігінде. Күрмеулі мәселеге құзырлы орган өкілдері де араласты. Енді прокурорлар оның ақ-қарасын анықтайтын болады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов