Елімізде Семей полигонынан зардап шеккендердің саны нақтыланбаған

Түрлі ақпарат көздерінде 1,5 млн-нан асады деп көрсетіледі.

Нұрлан Әуесбаев өзінің депутаттық сауалында осы мәселені көтерді. Мәжіліс депутаты азаматтардың нақты саны мен санаттарын айқындау маңызды дейді. Себебі сол аймақ тұрғындары радиациядан туындаған түрлі аурудан әлі де зардап шегіп жатыр. Оның сөзінше, заңға сай радиациялық тәуекел аумақтарында тұратындар қосымша еңбекақы мен жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс алуға құқылы. Әзірге мұндай жеңілдікті Семей өңіріндегілер ғана пайдаланып отыр. Ал тағдыры ұқсас Жапонияда ядролық бомбалардан зардап шеккен барлық азаматқа арнайы 1000 доллардан асатын көмек көрсетіледі. Депутат осы ретте Үкіметтің 2017-2019 жылдары жүргізілген зерттеу нәтижесі жөнді жарияланбағанын, 2021 жылы әзірленген тәсілдерді талқылап, нақты ұсыныстар енгізу үшін Ведомствоаралық жұмыс тобын құру аяқсыз қалғанын сынға алды. Сөйтіп, мәселені шешудің бірқатар жолын ұсынды. 

Нұрлан Әуесбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бірінші, әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу. Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды персоналды есепке алуды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау. Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың санаттарын айқындау өлшемшарттарын қайта қарау мәселесін қарастыру. Ведомствоаралық жұмыс тобының жұмыс нәтижелерін ұсыну. Радиациялық ластанған аумақтарды оңалту жөнінде шаралар қабылдау.