Елде жол қауіпсіздігін цифрландыру қолға алынбақ

Жыл сайын жол-көлік апатынан 2,5 мыңға жуық азамат қаза тауып, 19 мыңнан астам адам жарақат алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жаңа технологиялардың арқасында соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғалар саны биыл 24%-ке азайып отыр. Бұл туралы «Жол қауіпсіздігін цифрландыру және жаңа технологиялар» атты форумда айтылды.

Ішкі істер министрлігі IT мамандармен бірлесе жағдайды одан ары жақсарту үшін саланы толық цифрландыруды қолға алмақ. Көлік жүргізу мәдениетін арттыру мақсатында автоматты стационарлық және мобильді камераларды көптеп пайдалану қажет. Бұл жолдағы өлім-жітім көрсеткішін төмендетеді, - дейді форумға қатысушылар. Мәселен, «Сергек» бейнебақылау камералары еліміздің 9 қаласында бар. Тағы 2 қала биыл осы жүйеге қосылады.

Әсет Ахметов, Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін компанияның бас директоры:

- «Сергек» жобасының пайдасы көп. Ең бірінші, әрине, қауіпсіздік. «Сергек» бар қалаларда жол апаты 50%-ке аз және де қазақ өнімі болған соң, біз Қазақстан азаматтарына жақсы деңгейде жұмыс орнын беріп тұрмыз. Ол 200-ден астам кәсіби маман және де 500-ден астам орташа маман.