Жайық өзенінен алынатын судың көлемі азайтылады

Жайық өзенінен алынатын техникалық судың мөлшері азайтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған Орал қаласындағы жылу электр орталығын қайта жаңғырту жұмыстары нәтижесінде қол жеткізілмек. Мақсат – су қорын үнемдеп, экологиялық ахуалды жақсарту. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев биыл күн райының қолайлы болуынан Жайық өзенінің бассейні толыққанын айтты. Соның есебінен облыстағы көптеген су қоймаларында су жеткілікті деңгейге жеткен. Аймақ басшысы трансшекаралық су айдынының мәселесі Үкіметтің бақылауында деді.

Бүгінде Жайық өзенінің деңгейі 547 сантиметр шамасында сақталып отыр. Нариман Төреғалиев сондай-ақ биыл энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласына 11,7 млрд теңге инвестиция салынатынын жеткізді. Аталған қаражатқа 2 мың шақырымнан астам инженерлік желі жөнделеді.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Биыл Орал қаласының жылу электр орталығын жаңғырту мақсатында турбоагрегат пен градирняны қайта құру бойынша 4,8 млрд теңгеге 2 жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Турбоагрегатты іске қосу нәтижесінде өндірілетін электр энергиясы 46 МВт-тан 58 МВт-қа ұлғаятын болады. Ал градирняны іске қосқан жағдайда, Жайық өзенінен алынатын техникалық судың көлемі 10 млн текше метрден 6 млн текше метрге азайтылады. Яғни, біз Жайықтан жыл сайын алып, кері төгіп отырған судың мөлшерін азайтамыз.