Алматыдағы ЖЭО-ны газға көшіру жоспарлы жүргізіліп жатыр

Алматыдағы екінші және үшінші жылу электр орталықтарын газ инфрақұрылымына ауыстыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Бұл жөнінде құрылыс барысын тексерген QazaqGaz ұлттық компаниясының және «Интергаз Орталық Азия» компаниясының мамандары мәлімдеді. Жоспар бойынша газ станциялары жыл соңына дейін салынып бітуге тиіс.

Мемлекет басшысының Алматыдағы жылу электр орталығын газға көшіру тапсырмасына сәйкес қазір 2 автоматты газ тарату станциясының құрылысы қызу жүріп жатыр. Көгілдір отын орталықтарға осы станциялар арқылы жеткізіледі. Бірінің өнім қуаттылығы сағатына 150, екіншісінікі 250 мың текше метр болады, - деп отыр мамандар. Жылу электр орталықтарын жаңғырту жобасын «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы іске асыруда. 

Мейірбек Ихсанов, «QazaqGaz» ҰК» басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл 2 мәселені шешейін деп тұр. Біріншісі,экология мәселесі осы региондағы, екіншісі, «перемычка» бұл жерде қауіпсіздік және үздіксіздік газ тарату мүмкіндігін береді. Біздің мақсаттарымыз уақытында сосын сапалы етіп салу.

Бұдан бөлек, қуаттылығы сағатына бір мың текше метр болатын «Алматы-Байсерке-Талғар» және «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырларын жалғайтын TIP-04 құбыры салынып жатыр.

Дмитрий Денисов, «КАГАМ» ЖШС бас директоры:

- Бүгінгі таңда мұнда 20 адам істеп жатыр. 12 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Крандарымызда келді. Дәнекерлеу қондырғылары да бар.  Барлық құрал-жабдықтар толығымен келгеннен кейін адам саны артып 100-ге жетеді деп отырмыз. Яғни, дәнекерлеушілер мен слесарьларды қосамыз.

Бұл жобалар жүзеге асып жатса, Алматыдағы ауа ластануы азайып, халықтың өмір сүру сапасы жақсарады. Автоматтандырылған газ тарату станцияларымен TIP-04 газ жалғастыру құбырын салуды 2023 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев.