БҚО-да жол жөндеуге 66 млрд теңге бөлінді

Былтыр Батыс Қазақстан облысының жолдарын жөндеуге 42 млрд теңге бөлінсе, биылғы қаржы бір жарым есе артып, 66 млрд-қа жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда қиыршық тас пен битум тапшылығынан құрылыс әлі қарқын ала алмай отыр. Бүгін өңірге арнайы барған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев өндіріс орындарын аралап, кәсіпкерлермен кездесті, өзекті мәселелерді талқылады.

Орал әуежайы 2021 жылы жаңадан салынды. Биыл нысанды сенімді басқаруға алған серіктестіктің құрылтайшысы өзгерді. Шетелдік инвесторлар жыл басынан бері 16 жаңа техника алыпты. Келешекте тағы қомақты инвестиция салады. Жайық топырағына табаны енді тиген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевты қарсы алған әуе портының басшылары өз жоспарларын бөлісті.

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Өзінің қаржысына істеп отыр және осы уақытқа дейін қосымша тікұшақ бергеннің өзінде оны қабылдауға әуежайдың мүмкіндігі жоқ еді. Ал енді  көтеріп отырған мәселе перронды жаңғырту, біріншіден, мемлекеттік  әріптестік болсын, екінші мәселе, толық ақшасына істесе, билеттің құнына 8-10% қосылады, - деді.

Егер әуежай басшылығы билет бағасы өсуі мүмкін деп жатса, жергілікті тұрғындар ұшу құнын түсіруді сұрайды. Көршілес Атыраумен салыстырғанда Оралдан Алматыға, Астанаға жолақысы 25% қымбат. Жаз айларында пойызға да билет табу қиын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевпен кездескен жұрттың өзге де өзекті мәселелері аз емес. Министр оның шешімін іздестіретінін айтты. Өңірдегі ілкімді істерді әңгімеледі. Автожолдардың ахуалы жөнінен аутсайдер аймаққа биыл аз ақша бөлінбепті. Анау-мынау емес, 66 млрд теңге қаралған. Алайда соны уақтылы игеру – мұң. Себебі, қиыршық тасты әкелуге вагон аз, битум тапшы.  

Тұрарбек Тілемісов, облыстық мәслихат депутаты:

- Тек қана облыстық жолға 1 млн 50 тонна керек, ол 14 мың 800 вагон қазір алғаны 38%-тей алып тұр. Одан басқа, облыс жолдарына 30 мың тонна битум керек. Қазір барлығы алған 8 мың тоннадай алып тұр. Ол шамамен 26% болып тұр. Битум жоқ осы күні Оралда.

Бүгінде жол құрылыс компаниялары битумды алыстағы Ақтаудан тасиды. Тоннасы Оралға жеткенше, 180 мың теңгеге шығады. Тығырықтан шығудың бір жолы битумды іргедегі Ресейден алу. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрдің мәлімдеуінше, қазір осы бағытта көршілермен келіссөздер жүріп жатыр. 

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Бізге жетпейтін битум көлемі шамамен 300 мың тоннадай. Осыған дейін РФ-тан 100 мың тонна квота алдық битум алып келуге. Соның ішінде 70 мың тоннасын істеп болдық. Бір апта бұрын Ресей Федерациясында болдық. Тағы қосымша 200 мың тонна сұрап отырмыз. Сұрағанның 3-тен бірін қанағаттандырды, тағы 200 мың тонна беретін болды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрімен кездесуде Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандарына апарар жолдың жайы да талқыланды. Әу баста 2021 жылы бітеді деген жол құрылысы тағы 2 жылға шегерілген еді. Күні бүгін 245 шақырымның 106-ы қалыпты. Жауапты тұлғалардың айтуынша, қар түскенше осы қалған жолдың төменгі қабатына асфальт толық төселмек. Сондай-ақ министр Хан Ордасы ауылына апарар 21 шақырым жолдың жобасын да тез арада әзірлеп, тендер өткізуді тапсырды. Өңірдегі өндіріс орындарып аралап, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов.