Қызылордада «Баршаға денсаулық» ұранымен марафон өтті

Салауатты өмір салтын насихаттаған іс-шараны ардагер ұстаздар бастап берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сырдарияның жағасындағы жарыс жолына 200-дей адам шықты. Педагогтардан кейін жарыс жолына велошабандоздар шықты. Олар мәре сызығын кесіп өткен соң «Сыр Ана» монументі алаңында жаттығу жасады. Соңында ақсақалдар жастарға бұқаралық спорттың пайдасын айтып, ақыл-кеңес берді. Жалпы облыс көлемінде өткізілетін жарыстарынан ардагерлер шет қалған емес. Қарт спортшылар енді 4 маусым Рәміздер күніне арналған бүкілхалықтық марафонға дайындалады.

Ерден Мұқанов, білім саласының ардагері:

- Марафон болатынын білгенде денеміз құрысып тұрады өзі. Мақтанып айтайықшы. Өйткені соған бейімделіп қалған сияқты. Жаңа жүгіріп өткенде қарттардың белсенділігін көрдік. Біз қартпыз деп отырғанымыз жоқ. Жастарға беретін тәрбиеміз ары қарай жалғасса дейміз. Келешек ұрпақ үлгі алса.