Түркістан облысында түлектер 2 отбасына баспана сыйлады

Түркістан облысының Созақ ауданында мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектер 2 отбасына баспана сыйлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шолаққорған ауылы мен Таукент кентінде баспанаға мұқтаж отбасылар үйлі болып, қоныс тойын тойлады.

Шағын баспана – үлкен қуаныш. Шолаққорған ауылындағы 2 бөлмелі мына үйді Тәкен Әлімқұлов атындағы мектеп лицей-интернаты мен Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебін бітіргеніне 20 жыл болған түлектер 2 айдың ішінде өздері салып шыққан. Жаңа үйдің кілтін әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасына табыс етті.

Алтынай Басарова, көпбалалы ана:

- Осындай 2 бөлмелі үйіміз болса деп армандап едік, арманымызға жеттік. 5 бала-шағам бар. Мен өзім жұмыс ретінде тіркеліп, қоғамдық жұмыстар істеймін. Жолдасым 15 күндік ауысыммен істейді жақында кірген. Рақмет мектеп түлектеріне. Мерекелері құтты болсын. Қуаныштымын. 

Мектеп түлектері баспананы тұрғызуға 9 млн, ішін жиһазбен жабдықтауға 3 млн теңге жұмсағандарын айтады. Сондай-ақ үйді тапсырғанға дейін кімге беретіндерін құпия ұстапты.

Марат Орынбаев, түлек:

- Бұл отбасын таңдау барысында таныстыққа қараған жоқпыз. Тек отбасы жағдайына қарап, көпбалалы отбасы болғандықтан, балалары еліміздің жақсы азаматы болып өссін деп, осы үйді сол кісілерге табыстап отырмыз. Өзіміз прораб болдық, өзіміз дизайнер болдық. Барлығын өзіміздің жігіттердің еңбегімен бітірдік.

Игі дәстүр Таукент кентінде де жалғасты. Ісмет Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінен түлеп ұшқан азаматтар жылдар бойы жалдамалы үйде тұрған көпбалалы, жалғыз басты анаға көп қабатты тұрғын үйден 1 бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, қуанышқа бөледі.

Эльмира Сағынбаева, көпбалалы ана:

- Айта алмаймын. Әлі де қобалжу, әлі де сенбеушілік, сөзім жоқ, шынын айтқанда. Өте керемет сезім. Өз баспанаң болған бақытты нәрсе ғой.

«Қайырымдылықты – ізгі амал» деп түсінетін түлектер пәтерді сатып алып, ішіне жөндеу жүргізген. Қажетті жабдықтарының бәрін жаңалаған. Пәтер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

Берік Медеубаев, түлек:

- Артымыздан өсіп келе жатқан іні-қарындастырымызға өнеге болсын деп, осы дәстүр жылдан жылға жалғаса берсе екен дейміз. Осы үйде ақ дастарқан әр дайын жақсылыққа жайыла берсін.

Еселі еңбегімен елдің құрметіне, көптің ыстық ықыласына бөленген түлектерге ауыл ақсақалдары ризашылығын білдірсе, аудан басшылығы арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Жалпы мереке қарсаңында өңірдегі Түлкібас және Шардара аудандарында да түлектер баспанаға мұқтаж жандарға баспана сыйлап, қуантты. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.