Түркістан облысында Туды жалыннан алып шыққан азамат көпке үлгі болып жүр

Түркістан облысы Сайрам ауданында қызыл жалыннан қаймықпай көк байрақты қауіпсіз жерге алып шыққан ауыл баласы тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел-жұрт Мұхамед Қансейітті бейбіт күннің батырына теңеп, өзгелерге үлгі етеді. Қазір ол халықты жұмыспен қамту орталығында еңбек етіп, ел азаматтарына мемлекеттік қолдау шараларын көрсетіп жүр.

Сайрам ауданындағы жұмыспен қамту орталығында тура осыдан бір жыл бұрын өрт шықты. Қызыл жалыннан мекеменің құжат-қағаздары жанып, техникасы бүлінді. Жексенбі күні қызметкерлер алаңсыз демалыста болған. Ал Мұхамед Қансейіт бірінші болып оқиға орнынан табылды. Құтқарушыларды шақырып, жарақат алған адамның жоқтығына көз жеткізді. Сөйтіп, шатырдан көк байрақ пен Елтаңбаны қауіпсіз жерге алып түсірді.

Мұхамед Қансейіт, Сайрам аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім меңгерушісі:

- Патриоттық сезім болғандықтан ба, барша Қазақстан қарап отырып, бір көк байғарығымыз жанып тұрғанын қаламадым. Өртеніп кеткенін. Лезде барып құтқарып алдым.

Ірі өрттен іркілмей, бойындағы үрейін жеңген ол өзін батыр санамайды. Керісінше, әрбір азамат менің орнымда осындай қадамға барар еді, - дейді. Ал ел Президенті мемлекеттік рәміздер үшін жанқиярлығымен үлгі болған ұлды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Мұхамед Қансейіт, Сайрам аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім меңгерушісі:

- Қазіргі таңда әлеуметтік желі дамыған заман. Бір жыл өтсе де, әлі қай мекемеге барсам да көк туымызды құтқарып қалған жігіт емессің бе деп қуанып, қарсы алып жатады. Әлі де танып жатқандар көп.

Мұхамед Қансейіт күніне жүздеген адамға мемлекеттік қызмет көрсетеді. Әріптестері оның жұмысқа деген жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында білікті маман, жақсы жолдас екенін айтады. 

Абзал Қазанқапов, Сайрам аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Жалпы жұмыс барысында да жастар арасында да қоғамда белсенді. Волонтерлік жұмыстары бар. Мемлекет басшысы қабылдағаннан кейін Қансейіт Мұхамедті жұмысымыз одан әрі жанданып, қызметкерлердің барлығы жігерленіп, рух сыйлады десем болады.

Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында 56 маман жұмыс істейді. Олар жас болса да, алтыннан абыройды, марапаттан парасатты биік қойған әріптесін үлгі етіп, мақтаныш етеді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.