Шағын ауылдан чемпиондар шықты

Қостанай облысы Барвинов ауылында гір тасын көтерумен айналысатын балалар мен олардың бапкері ғаламторда танымал.

Жеке YouTube каналына түрлі тақырыпта видео түсіріп,  жиі  жүктеп отырады.

Отыз төрт жастағы Нұрлан Тайжанов Барвинов ауылдық мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.  Гір тасын көтеру спортымен айналысқанына 15-20 жылдай болыпты. Қазір ауыл балаларын баулып жүр. Бастапқыда қиын болғанын жасырмайды. 

Нұрлан Тайжанов, гір тасын көтеру спортынан жаттықтырушы:
- Гір тасын әр жерден жинадық. Темір қабылдау орындарын шарлап, біреулерден тегін, біреулерден сатып алдық. Арасында атасының құнын сұрағандар болды. Гір тасының жарысқа, жаттығуға ыңғайланған түр-түрі болады. Соның бәріне біраз ақша кетті. Алғашқы кезде небары 4-5 бала қатысқан. Қазір отызға жуық шәкіртім бар.

Бүгінде Барвионовтық гір тасын көтерушілер дүйім елге танымал. Шағын ауылдан үш Қазақстан чемпионы, бес халықаралық жарыстардың жүлдегерлері шығып отыр. Ал енді облыстық денгейде Нұрланның шәкірттері ұдайы топ жарады.

Ирина Климова, гір тасын көтеруден Азия чемпионатының жүлдегері:
- Мен бұған дейін хореографиямен айналысқам. Сосын өзімді жаңа қырымнан байқап көргім келді. Сөйтіп гір тасын көтеру спортына келдім. Бір жылдай болды осы спорт түрімен шұғылданып жүргеніме. Жаттықтырушымыз өте жақсы адам. Қолдап, бағыт-бағдар беріп отырады. Соның нәтижесі ғой осындай жетістіктерге жетіп отырғанымыз.

Биыл Нұрланның шәкірттері Азия чемпионатына жолдаманы жеңіп алған. Алайда жол пұлына жаратар қаржы таппай қиналыпты. Бюджетте мұндай сапарға ақша қаралмаған екен. Сондағы керегі 750 мың тенге.  

Нұрлан Тайжанов, гір тасын көтеру спортынан жаттықтырушы:
- Шәкірттерімнің бірі ақша жинау үшін халыққа бейнеүндеу жолдауды ұсынды. Қалайда барамыз деген мақсат қойдық. Аудандық, облыстық, республикалық жарыстарды еңсерген спортшыларымыз үшін Азия чемпионатынан тыс қалу обал болар еді. Көптің көмегімен сол дүбірлі жарысқа қатысып, абыроймен оралдық.  
  

Мектепте балалар өз қолымен шағын студия жабдықтаған. Осында олар дыбыс жазып, бейне контент жасайды.  

Нұрлан Тайжанов, гір тасын көтеру спортынан жаттықтырушы:
- Екі-үш сағаттың ішінде сценарий дайындаймыз. Кешке бәріміз жиналып, видео жазамыз. Ира Климова бізде видеооператор. Мен монтаждаймын. Сөйтіп өзіміз қызық дүниелер жасап шығарамыз.

Барвиновтық спортшы балалар шығармашылықтан қол үзбек емес. Іске асырсақ деген жобалары да бар. Ол жайында кейінірек айтамыз деп қалды. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг