Абай облысында ауқымды жобалар жүзеге асады

Биыл Абай облысында құны 30 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асады.

Бұл туралы облыстың құрылуына 1 жыл толуына орай ұйымдастырылған Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде айтылды. Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев журналистерге өңірде 1 жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспар жайында баяндады.  

Абай облысы үшін үлкен жаңалық, Үкіметте өңірдің дамуының кешенді жоспарының бекітілгендігі болды. Бұл жоспар шеңберінде аймақта ауқымды жұмыс күтіп тұр. Биыл облыстың бюджеті 374 млрд, ал Семейдің бюджеті 85 млрд теңгеге жетті. Енді сан жыл бойы қараусыз қалған жолдар жөнделіп, аулалар жаңа кейіпке енеді. 

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Келесі аптадан жұмыс басталады. Қаланың 60 шақырым жол жасалынады. Одан бөлек, тротуар жабдықталады. 3,2 млрд қаражат бөлінді бюджеттен. Жаңа баяндамамда естідіңіз, қаланың бюджеті 49%-ке өсті.

Өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі – жылу. Семей халқы жаңа жылу орталығының салынуын ұзақ уақыттан бері күтіп жүр. Облыс әкімінің айтуынша, маңызды нысанның тұрғызылатын жері анықталған. Орталық салынғанша шаһардағы жұмыс істеп тұрған қазандықтар мен жылу жүйелерін тез арада жаңғырту қажет.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Ең маңызды мәселелердің бірі – жылумен жабдықтау. Семей қаласының оң жағалауында 118 гигакалория жылу энергиясының тапшылығы бар. Жылу қуатын 40 гигакаларияға ұлғайту мақсатында «Ғаббассов» және «Орталық» қазандықтарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кешенді жоспарда барлық салаға мән берілген. Тек қана әлеуметтік салаға 194 млрд теңге қаржы бөлінбек. Облыста 2025 жылға дейін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 65, ал Семейде 2028 жылға дейін 5 медициналық нысан салу көзделіп отыр.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.