Алматы облысында «Жетіген» көлік-логистикалық орталығы ашылды

Алматы облысы Іле ауданында «Жетіген» көлік-логистикалық орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Достық және Алтынкөл теміржол станциясы Қытаймен халықаралық шекараға жақын орналасуының нәтижесінде жүк тасымалы үшін неғұрлым тиімді көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қамтамасыз етуге қабілетті, - дейді мамандар.

«Жетіген» көлік-логистикалық орталығы, ең алдымен, еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын қамтамасыз етеді. Ол дамыған әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, нарыққа мультимодальды көлік шешімдерін ұсынады.

Алмас Абайдельдинов, «Исткомтранс» компаниясының бас директоры:

- Ең біріншіден, біз Қытай Халық Республикасымен сауданы нығайтамыз, дамытамыз. Екіншіден, Ресей Федерациясынан, Өзбекстан Республикасынан келетін госконтейнерлерге жүк тиеп, оларды Қытайға апарып, және Қытайдан осы жерге жүктерді алып келіп, оларды Ресей мен Өзбекстанға тиімдірек жеткіземіз деген ойдамыз. Бұның барлығы халықаралық саудаға, халықаралық қатынастарға өзінің оң әсерін тигізеді деп сенеміз.

Осылайша, «Жетіген» көлік-логистикалық орталығы Қазақстанның әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ете отырып, өңірлік және халықаралық көлік қатынасында маңызды рөл атқарады. 

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Біздің Алматы облысы өте қолайлы орналасқан логистика саласына. Теміржолдар бар, автожолдар бар. Қытаймен шекара, Қырғызстанмен шекара. Жібек жолы осы Алматы облысы арқылы толық өтеді. Сол себепті логистиканы дамыту – біздің бір ерекшеліктің бірі. Бүгінгі орталық бізге не әкеледі, біріншіден, ол – жұмыс орындары. Кейіннен салықтық түсімдер.  

Осылайша, «Жетіген» орталығы тұтастай алғанда көлік-логистика саласын дамытудың және қазақстандық нарықтың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың инфрақұрылымдық драйверіне айналады, - дейді мамандар.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев.