Елімізде бес күнде 11 адам суға кетті

Оның  басым бөлігі – бала. Аптап ыстықта жағажай жағалағандар көбейді. 

Алайда олардың дені қауіпсіздік шарасын сақтамайды дейді мамандар.  

Ақтөбеде шомылу маусымы басталғалы 4 адам суға кеткен. Барлығы да бала. 6-шы сыныптың екі оқушысы Ырғыз өзеніне, ал бірнеше күн бұрын 16 жастағы тағы екі жасөспірім қала шетіндегі Елекке батып кетті. 

Жанболат Төлепбергенов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің офицері:
- Негізгі себептері біздерде енді бұл балаларға қатысты болса, ол ата-аналардың қарауынсыз болған себебі.
 Біздің ұсынамыз: міндетті түрде балаларыңыз қауіпсіздік шараларын білуі тиіс. Соның ішінде жүзу.

Абай облысында да төтенше жағдай азаймай тұр. Мұнда да жыл басынан бері 4 адам суға батып кеткен. Оның екеуі – бала. Семейде бұған дейін рұқсат етілген бірде бір шомылу орны болмаған. Қала әкімдігі биыл бірден екі коммуналдық жағажайды іске қосуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, аймақта суға түсуге болатын 8 орын бар. Мұның төртеуі - коммуналдық жағажай.

Асылбек Байбуров, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:
- Кеше Бесқарағай ауданында оқыс оқиға болды. Бір бала суға батып кетті. Өткен демалыс күндері екі адам құтқарылды. Оның біреуі – бала. Сондықтан тұрғындардан сақтық шараларын қатаң сақтауды сұраймыз.

Қостанай облысында соңғы жылдары 38 адамның ажалы судан келген. Қаралы жағдайдың барлығы рұқсат етілмеген жерде шомылу салдарынан болды. Онда тексеру жұмыстары жиі жүргізіліп, айыппұл салынса да нәтиже көңіл көншітпей тұр. Биыл өңірдің 46 тұрғынына 400 мың теңге көлемінде айыппұл төлеген. Облыста бүгінгі күні 25 арнайы суға шомылатын орын бар. Қалған айдындарда суға шомылуға қатаң тиым салынған.

Құрманғазы Тәуекелов, облыстық Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
- Биылғы жылы Қостай облысында жыл басынан бастап 5 адам суға кеткен. 5 адамның үшеуі ішімдік ішіп суға түскеннен болған. Жағажайда жас балаларды қараусыз қалдырмау керек, орнатылған қалқылардан шығуға болмайды
.

Қарағанды облысында тиым салынған 240, ал ресми рұқсат берілген 76 жағажай бар. Мұнда да 12 адамға алдымен ауызша кейін екінші мәрте ескерту жасалып, айыппұл салынған. Осыған қарамастан аптап ыстықта көзге көрінген судың жағасына ағылатындар жетіп жатыр. Құтқарушылар полицейлермен бірлесіп 100-ге жуық рейд өткізіп, 12 мыңға жуық ақпараттық жаднама таратқан. Осыған қарамасатан күні кеше 3 бала суға кетіп қалды. 

Жанна Дәуренбекова, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:
- Егер суда жүзу кезінде
 қауіпті жағдайға душар болсаңыз, суда шалқайып су ағынымен жүру керек. Өзіңізде түйреуіш болу керек, немесе өзіңізді қаттырақ шымшып алуға да болады. Судың ағынымен үрейленбей жағалауға қарай жүру керек.

Ел бойынша соңғы 3 жылда 1 100 адам суға батып кеткен. Оның 320-сы бала. Ал биыл жыл басынан бері 45 адам көз жұмды. Оның 14-і кәмілет жасына толмағандар. Сондықтан мамандар суға шомылғанда қауіпсіздікті ұмытпау керектігін еске салады.

Авторы: Дәуренбек Бағдәулетұлы